Қ. Тоқаев: Атқарушы билік өзіне жүктелген басты міндетті орындай алмады
Яғни көгілдір отынның құны 180 күн бойы реттеледі. Ал сұйытылған газды электронды сауда алаңдары мен биржалар арқылы өткізуге толық көшу бір жылға шегеріледі. Бас прокуратура мен Бәсекелестікті қорғау агенттігі бағалық сөз байласу мен өзге де бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерге қатысты тергеу жүргізіп, 20 күн ішінде есеп беруі тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңесте осындай тапсырма берді.
Президент елдің саяси, әлеуметтік және экономикалық құрылысы өзгермейтінін айтты. Яғни унитарлық, заң үстемдігі, жеке меншік құқығын құрметтеу және нарықтық экономика мемлекеттік саясатымыздың басты қағидаттары болып қала береді.
Мамин бастаған Үкімет отставкаға кетті. Ақордадағы жиынды ашқан Мемлекет басшысы Премьер-министр Асқар Маминнің қызметтен босату жөнінде өтініш бергенін хабарлап, оның міндетін уақытша Әлихан Смайылов атқаратынын мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Асқар Ұзақпайұлы Мамин маған арыз жазып, отставка жөнінде өтінішін білдірді. Мен бұл өтінішті қабылдадым. Асқар Ұзақпайұлы шамамен 3 жылдай Үкіметімізді абыроймен басқарды.
Атқарушы билік өзіне жүктелген басты міндетті орындай алмады. Инфляцияға жол беріп, жер-жерде қымбатшылық жайлады. Қасым-Жомарт Тоқаев енді Үкметтің келесі құрамы бұрынғы қателікті жойып, қымбатшылыққа жол бермеу керек екенін айтты. Ал сұйытылған газ бағасының артуына байланысты халықтың наразылығын тудырғаны үшін Президент Үкіметті, соның ішінде Энергетика министрлігін, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» бен «Қазақгаз» кәсіпорындарын кінәлады. Тағы мемлекет басшысы былтыр маусым айында өзі берген тапсырмасының орындалу барысын сынға алды. Өткен жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысындағы «Қазақ газ өңдеу зауыты» базасында сұйытылған газ өндіретін жаңа зауыт салуды міндеттеген болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазіргі уақытта жобаның тек техникалық-экономикалық негіздемесі ғана дайындалған. Оны қаржыландыру мәселесі шешілмеген. Екіншіден, сұйытылған газды тарату және саудаға шығарудың қазіргі тәртібі пысықталмаған. Электронды сауда барысында бағаның өсуін шектеу тетіктері қарастырылмаған. Нәтижесінде, Энергетика министрлігі электрондық сауда бойынша жедел әрекет етіп, оны ауыздықтай алмаған.
Еліміз газ және газ өңдеу салаларында инвестициясыз, тіпті көгілдір отынсыз қалуы да мүмкін. Өйткені бұл саланы реформалауға қатысты жүйелі әдістің жоқ екенін Президент қадап айтты. Сондықтан жүйелі, бірақ ойластырылған және кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын реформаларды қолға алып, ішкі нарықты тауарлық газбен толыққанды қамтамасыз ету керектігін тілге тиек етті. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі қалыптасқан жағдайды тұрақтандыруға бағытталған шараларды баяндады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біріншіден, мен Маңғыстау бойынша Үкіметтік комиссияның ұсынған шаралар кешенін мақұлдаймын. Екіншіден, монополияға қарсы органға Кәсіпкерлік кодекстің 119-бабына сәйкес сұйытылған газдың бағаларын 180 күнге уақытша бағалық реттеуді енгізуді тапсырамын. Облыстарда халық үшін шекті бағалар өткен жылдың соңындағы баға деңгейінен аспауға тиіс. Үшіншіден, Үкіметке сұйытылған газды электрондық сауда алаңдары мен биржалар арқылы өткізуге толық көшуді бір жылға шегеруді тапсырамын. Осы кезеңде нормативтік-құқықтық базаны мұқият әзірлеп, сауда алаңдары жұмысының ашық болуын қамтамасыз ету, бағаның күрт өсуін шектеу тетіктерін енгізу қажет. Төртіншіден, Бас прокуратураға бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп, бағалық сөз байласу мен өзге де бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерге қатысты тергеу жүргізуді тапсырамын. Тергеуді жедел жүргізіңіз. Жиырма күн ішінде есеп беріңіз.
Тағы Президент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бойынша мемлекеттік реттеуді енгізуді тапсырды. Сондай-ақ «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» Заңды әзірлеуге кірісуді міндеттеді. Ал халық үшін 180 күнге коммуналдық тарифтерді көтеруге мораторий енгізу қажет екенін қарастыруды айтты. Бұған қоса әлеуметтік жағдайы нашар топтар үшін нарықтағы баспананы жалға алу құнын субсидиялау мәселесін шешуді тапсырды.
Тағы денсаулық сақтау және балалар мәселелерін шешу үшін «Қазақстан халқына» деп аталатын қоғамдық қор құру, оны мемлекеттік және жеке көздер арқылы қаржыландыру қажеттігін міндеттеді.
Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның саяси, әлеуметтік және экономикалық құрылысы өзгермейтінін айтты. Оның пікірінше, унитарлық, заң үстемдігі, жеке меншік құқығын құрметтеу және нарықтық экономика мемлекеттік саясатымыздың басты қағидаттары болып қала береді.
Президент тапсырмасы:
- Мұнай өнімдерінің бағасына мемлекеттік реттеуді 180 күнге енгізу;
- Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бойынша мемлекеттік реттеуді енгізу;
- «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» Заңды әзірлеуге кірісу;
- Халық үшін 180 күнге коммуналдық тарифтерді көтеруге мораторий енгізу қажеттігін қарастыру;
- Халықтың әлеуметтік жағдайы нашар топтары үшін нарықтағы баспананы жалға алу құнын субсидиялау мәселесін қарастыру;
- «Қазақстан халқына» деп аталатын қоғамдық қор құру.