Қазақстандағы жаппай тәртіпсіздік хронологиясы: оқиға қалай өрбіді?
Жаңаөзенде басталған бейбіт шеру акциясы бұқаралық сипатқа ие болып, аймақ-аймаққа таралды. Бірақ көшеге шыққан тұрғындарды арам пиғылды лаңкестер пайдаланып, ел ішіне іріткі салды. Құқық қорғау орган өкілдеріне қару кезеп, бейбіт тұрғындарға оқ жаудырды. Ал Алматыны бір түннің ішінде тас-талқанын шығарды. Ел басына күн туғанда Президент халықпен бірге екендігін қадап айтты. Ал бүгін адам шығынына байланысты аза тұту күнін жариялады. Осыған орай біз оқиғалардың хронологиясын қайта тізуді жөн санадық.
2022-нің 2-ші қаңтары. Жаңа жылда газдың жаңа бағасын көріп шошыған Маңғыстау жұрты наразылығын білдіріп, көшеге шықты. Жаңаөзендіктер көгілдір отын құнының әп сәтте-ақ екі есеге өсіп, 120 теңгеге жеткеніне шыдай алмады. Бірауыздан билікке өз талабын қойды.
Акцияны қолдағандар көбейіп, ол бұқаралық сипатқа ие болды. Мұнайлы өңірдің азаматтары, газ бағасын төмендетуді талап етті. Жиналған қауыммен тілдескен облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың ұсынысы да бейбіт шерушілердің көңілінен шықпады. Көп ұзамай өңірге арнайы комиссия өкілдері де барды. Ералы Тоғжанов бастаған азаматтар өңірдегі ахуалмен жіті танысып, белсенді топ өкілдерімен кездесті. Кейін елордадан келген билік өкілдері комиссия қабылдаған шешімді айтты.
Ералы Тоғжанов, үкіметтік комиссияның төрағасы:
- Сұйытылған газдың бір литрі үшін 50 теңге болып бүгін бекітілді. Облыстық қалалар мен аудандарда газ құнының мөлшерін саралау «Қазмұнайгаз» АҚ есебінен жүзеге асырылатын болады.
Бірақ бұл бұқараны аса қуанта қоймады. «Елдің әлеуметтік жағдайын жақсарта алмаған Үкімет отставкаға кетсін» деген тағы бір талап қойылды. Бұны елдің өзге өңірлері де қолдай кетті. Салдарынан бейбіт шерудің шырқы бұзылды.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы:
- 4 қаңтарда бірнеше аймақта 500-ден 4 мың адамға дейін жиналды. Олар еш ескертпеге қарамастан, әкімдіктерге қарулы шабуыл жасай бастады. Атырау, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл облыстары мен Семей қаласының әкімшілігіне және бірқатар құқыққорғау органдарының ғимараттарына басып кірді. Барлық заттарды сындырып, өртей бастады. Бейбіт тұрғындар мен полиция қызметкерлерін ұрып-соғып, мүліктерді ұрлады. Қызметтік көліктерді өртеді.
Әсіресе жағдай Алматыда ушықты. Бейбіт шерушілердің акциясын пайдаланған лаңкестер бүлік шығарды. Қару-жарақ сататын 7 дүкенді тонап, стратегиялық маңызы бар нысандарды жаулап ала бастады. Кейін Ішкі істер органдары өкілдеріне күшті қарсылық көрсетіп, жолда кезіккендерін аямады. Ал мына кадрда террористердің құрамында арнайы дайындықтан өткен мергендердің де барын байқауға болады.
Теріс пиғылдылардың алдын ала дайындаған нақты жоспары бар екені көрініп тұр. Ол – бейбіт азаматтардың кейпін танытып, ел тыныштығын бұзу. Бұзақылар тағы өрт сөндіру көліктерін де жаппай тартып ала бастады. Сондағы көздегені – әкімшілік ғимараттардағы отты ауыздықтауға кедергі келтіру. Ал өртті сөндірмек болған қарапайым тұрғындарды соққының астына алған.
Әлеуметтік жағдайдың дұрысталуын талап еткен бейбіт шерушілер қаланың бұлай тас-талқанын шығармайтыны бесенеден белгілі. Оның үстіне дүрбелеңді пайдаланған ұры-қарылар иесіз қалған дүкендер мен кассаларға лап берді. Абырой болғанда бұндай бұзақыларды халықтың өзі ұстап, қолды қылған заттарын қайтарып жатыр.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы:
- 800 қылмыскер халықаралық әуежайды басып алды. Соның салдарынан 56 рейстің қонуы және 60 рейстің ұшуы тоқтатылды. Бұл сапарға дайындалған қарапайым азаматтардың жоспарын бұзып, қорқынышын тудырды. Ішінде болған барлық сауда орындары мен дүкендерді, кассаларды тонап, сындырды. Олардың кәсіби дайындығы жоғары және іс-әрекеттерінде тәртіп пен ұйымшылдық бар екені байқалды. Мақсатты түрде бейнебақылау камераларын қиратып, жол қозғалысын тоқтатып, бөгет жасап, периметр бойынша бақылаушылар қойды. Іс-қимылдарын үйлестіру үшін радиостанцияны пайдаланған. 6-7 қаңтарда Тараз және Талдықорған қалаларында қауіпті қылмыскерлер отырған тергеу изоляторларына бірнеше рет қарулы шабуылдар жасалды. Бірақ полиция қызметкерлері шабуылдың бетін қайтарды.
Қазір Мемлекет басшысы жариялаған террористерге қарсы арнайы операция жалғасып жатыр. Президент: «Лаңкестердің көзін жою керек», – деп қадап айтты. Бұл пәрменді орындау оңайға соқпайтыны анық. Себебі бүлік шығарғандар арнайы дайындықтан өткен. Олар әскери бөлімдер мен блокбекеттерге шабуыл жасап, бейбіт тұрғындарға оқ жаудырған. Осындай атыстардың салдарынан екі бала қаза тапты.
Елге іріткі салып, тыныштық бұзған содырлардың қолынан бейбіт тұрғындар қаза тапты. Қызметін мінсіз атқарған 16 сарбаз шейіт болды. Лаңкестердің әрекеті адам шығынына алып келгендіктен президент 10 қаңтарды аза тұту күні деп жариялады. Ауыр кезеңде қара жамылған қазақ елінің күші – бірлікте. Мұны қайтпас қайсар мінезбен талай мәрте дәлелдеп шықтық.
Авторы: Риат Шони