Қ. Тоқаев: Қазақстан Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде ең ауқымды дағдарысты бастан өткерді
Жиын Қазақстанда лаңкестердің қолынан қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Күн тәртібінде жалғыз тақырып – Қазақстандағы ахуал. Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға мүше мемлекеттердің басшыларына көрсеткен қолдауы үшін саяси және жауынгерлік бауырластығы үшін алғыс айтты. Президент қаңтар айының алғашқы күндерінен басталған бұл оқиғаларды Алматы мен 11 облыс орталығын қамтыған нағыз «лаңкестік соғыс» деп баға берді. Барлық лаңкестік әрекеттер бір қолдан, бір жерден басқарылған. Оған мемлекеттік органдарға, әуежайлар мен телеарналарға жасалған ілеспе шабуылдар дәлел. Олар тіпті Ақорданы басып алуға әрекеттенген. Сондай-ақ Президент жиын барысында Қазақстанның күштік құрылымдары ешқашан бейбіт тұрғындарға қарсы қарулы күш қолданбайтынын мәлімдеді. Жалпы ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан жіберілген бітімгерлік күш, атап айтқанда, 2030 әскер мен 250 техника стратегиялық нысандарды күзетіп тұр. Олар Қазақстанда арнайы операция тоқтаған соң, миссиясын аяқтап елдеріне қайтады. «Жалпы елде конституциялық тәртіп қалпына келтірілді», – деп мәлімдеді кеңес барысында Президент.