Хабар телеарнасы

Қ. Тоқаев: елге төнген қауіптің беті қайтты

Олар Алматыны алып, осылай елдің оңтүстігін басып алуды жоспарлаған. Тіпті Президенттің резиденциясына шабуыл жасамақ болған. Осылайша, террористер Қазақстанның Конституциялық тұтастығына нұқсан келтіріп, мемлекеттік төңкеріс жасауға тырысты. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясына қатысып, осыны мәлімдеді. Қазақстан Президенті қиын-қыстау сәтте әскери әрі моральдық қолдау білдірген мемлекет басшыларына саяси және жауынгерлік бауырластығы үшін алғыс айтты. 

Бір минут үнсіздік. Қазақстанда лаңкестердің қолынан қаза тапқандардың рухына деген тағзым. Президент үшін азаматтарынан айырылғаннан ауыр ештеңе жоқ. Оны мұнда тұрғандардың қай қайсы да жақсы біледі. Осыдан 29 жыл бұрын құрылған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының 4-нші бабында былай деп жазылған: Егер қатысушы мемлекеттердің біреуі қандай да бір мемлекеттің немесе топтың тарапынан агрессияға ұшыраса, бұл осы Шартқа қатысушы барлық мемлекеттерге қарсы агрессия болып саналады.

Сондықтан осы күндері Қазақстанға төнген террористік қауіппен, ұйымға мүше елдері бірігіп күресті, тойтарыс берді. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев саяси және жауынгерлік бауырластығы үшін ұйымға мүше мемлекет басшыларына алғысын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің бірінің қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен тұтастығын қамтамасыз ету үшін Ұйымның бітімгерлік күштерінің ауқымды түрде жұмылдырылу жағдайы бірінші рет болып отыр. Біз үшін ұйымдағы әріптестеріміздің әскери ғана емес, моральдық қолдау көрсетуі де аса маңызды. Оған мүше мемлекеттердің бәрі Қазақстанның үндеуін бірауыздан қолдады. Саяси, тіпті жауынгерлік бауырластық үшін рахмет айтамын. Бүгін осы оқиға барысында қаза болғандарды еске алуға арналған жалпыұлттық аза тұту күні. Сіздерге осы оқиға бойынша қайғымызды бөліскендеріңіз үшін шын жүректен ризамын. 

Айтуға ауыр, тыңдасаң денең түршігеді. Бірақ, бұл өзге елде емес, өзімізде болған оқиға. Лаңкестер Қазақстанның Конституциялық тұтастығына нұқсан келтіріп, мемлекеттік төңкеріс жасауға тырысты. Яғни, біздің тәуелсіздігімізді тартып алмақ болды. Ал тәуелсіздіктен асқан құндылықтың жоқ екенін Қасым-Жомарт Тоқаев жақсы түсінеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Барлық қарулы оқиғалар бір орталықтан ұйымдастырылған. Мұны өңірлік биліктің, құқық қорғау органдарының ғимараттарына, тергеу изоляторларына, стратегиялық нысандар мен банктерге, телемұнаралар мен арналарға жасалған синхронды, қайталап айтамын, синхронды шабуылдар айғақтайды. Әуежайлар басып алынды, автокөлік және темір жолдар жабылды, жедел жәрдем мен өрт сөндірушілердің жұмысына кедергі жасалды. Бұған дайындық ұзақ уақыт бойы жүргізілген. Енді осы дайындық қаншалықты ұзақ жүргізілді? Яғни бір жыл, екі немесе үш жыл ма? Оның барлығын тергеу амалдары көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қаңтардың қаралы күндеріне Тәуелсіздіктің 30 жылындағы ең үлкен әрі ауыр дағдарыс», – деп баға берді. Күштік құрылымдардың 16 қызметкері қаза тауып, 1 300-ден астамы жарақат алды. Өкініштісі сол, бейбіт тұрғындар арасында да шығын бар. Саны нақтыланып жатыр. Бүкіл ел бойынша 1 270 бизнес субъектісі зардап шекті. 100-ден астам сауда орталықтары мен банктер тоналды. Тек полицияның көліктерінің ғана шамамен 500-і қиратылды және өртелді. Ауқымды материалдық шығын келтірілді. Оның мөлшерін арнаулы Үкіметтік комиссия анықтайтын болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекет ресурсын тауысу үшін шабуыл ұйымдастырушылар үлкен майдан ашты. Агрессия бір уақытта 11 өңірді қамтыды. Бірақ негізгі соққы Алматыға қарсы бағытталды. Өздеріңіз білетіндей, бұл – біздің ең ірі қаламыз және елдің қаржы орталығы, онда маңызды көлік және коммуникация тораптары шоғырланған. Алматының құлауы халық тығыз орналасқан оңтүстікті, содан кейін бүкіл елді басып алуға жол ашар еді. Алматы мен 9 облыс орталығы бандиттердің қолына өтті. Біз контртеррористік режим жарияладық. Қазақстан ҰҚШҰ-на жәрдем көрсетуді сұрады. Біздің өтінішіміз дер уақытында қабылданды. Елордаға үш әскери-көлік ұшағының келгенін білген содырлар президенттік резиденцияны басып алуға бағытталған жоспарларын дереу тоқтатты. Осының арқасында біз қосымша күшті Алматыға жіберуге және қаланы содырлардан қайтарып алуға мүмкіндік алдық.

Қазір шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында әртүрлі алып-қашпа сөздер айтылып жүр. Бүгін Президент соларға қаратып айтты: «Қазақстанның күштік құрылымдары ешқашан бейбіт тұрғындарға қарсы қарулы күш қолданбайды». Қажет болған жағдайда әлемдік қоғамдастық сотына «террорлық басқыншылықтың болғанын» дәлелдеп бере алады. Сосын кейбір сарапшылар, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгерлік күшінің келуін де сан-саққа жүгіртіп жүр. Ұйымнан Қазақстанға 2030 әскери қызметкер мен 250 техника жіберілді. Олар стратегиялық нысандарды күзетіп тұр, миссиясы аяқталған соң, кері қайтады.

Владимир Путин, РФ президенті:

- Бауырлас Қазақстан халқына көмек көрсету бойынша бірлескен қадамдар барынша жедел келісілді. Осы орайда ҰҚШҰ тетігі нақты іске қосылды. Қазақстанға ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгер күштерінің контингенті бағытталды. Олар мерзімі бойынша шектелген уақытқа жіберілді. Яғни ол қажетті мерзімді Қазақстан Президенті айқындайды.

Қаңтардың қауіпті әрі қаһарлы күндері артта қалды, елге төнген қауіптің беті қайтты. Ал алда маңызды күндер. Кім, не, қашан? Анықтау керек. Қоғамның сұрағы көп, жауап күтіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біздің егемендігіміз бен аумақтық тұтастығымызға қол сұғуға жол берілмейді. Қазақстан халықаралық міндеттерін қатаң сақтайды. Құрметті достар, әріптестер, қазіргі уақытта Қазақстанда Конституциялық тәртіп қалпына келтіріліп, қайта орнады. Елге төнген қауіптің беті қайтарылды. Бүгінде лаңкестікке қарсы операция аясында елге болған жағдайға қатысы барларды анықтап, табу жұмысы жүріп жатыр. Қазірдің өзінде құзырлы орган 8 мыңға жуық адамды ұстады. Құқық қорғау органдары ұсталғандардың лаңкестікке, бұзақылыққа және кісі өліміне қаншалықты қатысы барын тексеріп жатыр.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

- Ертең елдің саяси һәм экономикалық өмірі үшін елеулі күн. Осыдан бес күн бұрын отставкаға кеткен үкімет қайта жасақталады. Президент Мәжіліске келіп, Үкіметтің жаңа құрамын ұсынады. Сонымен, Тәуелсіз Қазақстанның 12-нші Премьер-Министрі кім болады? Ертең білеміз.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Алмас Омарғалиев, Бақытбек Нұртаев