Қ. Тоқаев: жұмысқа ықыласы жоқ шенеуніктер кету керек
Барлық салада бүгінде туындаған проблемаларды шешу керектігін қадап айтты. Мәселен, жұмысқа ықыласы жоқ кей шенеуніктер жылдар бойы мардымды ешнәрсе бітірмей, кабинеттерінде отырды. Олар бастамашыл жастардың өсуіне жол бермейді. Мемлекеттік органдардың басшылары халықпен тілдесуді білмейді, тіптен қорқады да. Сөйтіп, олар мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. «Мұндай шенеуніктермен қоштасудың кезі келді», – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет мүшелері үнемі аймақтарға шығуды, ал әкімдерге әрбір елді-мекеннің халқымен жиі кездесуді тапсырды. Осылайша, Президент мемлекет пен халықтың өзара қатынасын түбегейлі өзгерту керегін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық сарапшылармен кеңесе отырып, қыркүйектегі жолдауында саяси реформалардың жаңа пакетін ұсынатынын жеткізді.