«Қасіретті қаңтар» сабағы: қоғам тұтастығы – Тәуелсіздік кепілі
Ақыр соңында елдің тұтастығына, тәуелсіздігіне қатер төнді. Бүгін осылай деп мәлімдеген Президент ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бүкіл жүйесін түбегейлі қайта қарастыру қажеттігін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ретте тоғыз міндетті атап көрсетті. Оның ішінде Құқық қорғау жүйесін реформалауға шұғыл түзетулер енгізу, Ұлттық ұланның саны мен сапасын күшейту, сондай-ақ діни экстремизммен күресті күшейту қажеттігін айтты.
Қасіретті қаңтар, Алматы трагедиясы. Бұл оқиға Қазақстанның тарихына түрлі тақырыппен енеді. Оның төңірегінде сан түрлі пікір айтылды, айтыла да береді. Бірақ маңыздысы бұл емес. Маңыздысы – Қазақстан өз тәуелсіздігін террористерден тегеурінді түрде қорғап қалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бізге керегі – тек ақиқат қана. Сол себепті оқиғаларды мұқият зерттей отырып, айтарым: жыл басынан бері орын алған барлық жағдайлар – бір тізбектің тармақтары деуге толық негіз бар. Ашығын айтсақ, бұл – бірнеше жыл бойы алдын ала ойластырылған зұлымдықтың көрінісі. Олардың көздегені – өздерінің қатігез пиғылдарын іске асыру болғаны айдан анық.
Жамбыл облысындағы Қордай оқиғасы, Пенжімдегі жағдай. Бұл оқиғалардан қаңтардағы қантөгіс авторларының қолтаңбасын аңғаруға болады. Олар осындай ұлтаралық ұсақ кикілжіңдер арқылы ел ішіне іріткі салуға тырысты. Ал «ұлтты қорғайды» деп жүрген Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұның бәрін байқаған жоқ, мүмкін байқағысы келмеген болар?
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біздің қоғамның біртұтастығы жүйелі түрде шайқалып келген, оның ішінде наразылықтар мен кәсіби түрде әзірленген сценарийлер қолданылған. Радикалды шаралардың нақты орындаушыларын дайындау жасырын түрде жүргізілген. Ұлттық қаупісіздік комитеті уәкілетті орган ретінде осы қирату жұмыстарына нақты баға бере алмады және бергісі де келмеді. Ұлттық қауіпсіздікке төнген аса үлкен қауіпті көрмеді. Шабуыл ұйымдастырушыларына тек себеп іздеу ғана қалды, ал ол себеп бәрібір табылар еді.
«Қауіп артта. Еліміздің барлық өңірінде ахуал тұрақты. Контртеррористік операцияның негізгі фазасы аяқталды. Демек, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгер күштерінің миссиясы да аяқталды, сәтті аяқталды» деп бағасын берді бүгін Мемлекет басшысы. Екі күннен кейін олар кезең-кезеңмен елден шығарыла бастайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жеке тоқталғым келеді. Бұған қатысты түрлі қауесеттің, әсіресе шетелде тарап жатқан жаңсақ пікірдің алдын алу қажет. Бұл ұйым ұжымдық қауіпсіздік мәселелерімен айналысады. Қазақстан – оның толыққанды құрылтайшысының бірі. Осы ұйымның барлық мүшелерінен жасақталған бітімгершілік контингенті Қазақстанға уақытша мерзімге ғана келді. Оған жүктелген міндеттер нақты айқындалған. Бұл – стратегиялық нысандарды күзету және ақыл-кеңес беріп, қолдау көрсету. Лаңкестерге қарсы операцияны толығымен Қазақстанның күштік құрылымдары жүзеге асыруда. Шын мәнінде, солардың жанкешті іс-әрекетінің арқасында төңкеріске жол берілген жоқ.
Бірақ бәрі бірдей емес. Отанды қорғайды деп жүрген оғландарымыз жауынгерлік сертінде тұрмады. Мұны президенттің өзі айтты. «Бірқатар қалаларда Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшылары жеткілікті әскери арсенал болғанына қарамастан, қызметтік ғимараттарды ондағы қару мен құпия құжаттармен бірге қарсылықсыз тастап кетті», – деді. Айтуға ауыз бармайды, бірақ ақиқаты осы. «Сондықтан Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бүкіл жүйесін түбегейлі қайта қарау қажет» деген Президент 9 тармақтан тұратын міндетті айтып берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біріншіден, құқық қорғау жүйесін реформалауға шұғыл түзетулер енгізу қажет. Біз полицияның сервистік моделін құру және қылмыстық процесті жаңғырту ісінде біршама ілгеріледік. Бірақ жаппай террористік шабуылдарға қарсы тұруға дайын болуымыз керек. Күштік құрылымдардың қолбасшылары жаңа жауынгерлік дағдыларды шыңдауға, қорғаныс пен шабуылдаудың тиімді құрал-жабдықтармен жабдықтауға шұғыл кірісуі тиіс.
Тағы бір міндет – Ұлттық гвардияны, әскерді, Күштік құрылымдарды сандық, сапалық тұрғыдан нығайту. «Қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен қамту, арнайы құрылым қызметкерлерінің жалақысын көтеру керек», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Еліміздің қауіпсіздігін нығайту және қауіп-қатердің алдын алу үшін шұғыл шараларды жүзеге асыру қажет. Біз сарбаздарды, әскери техника мен қару-жарақты қажетті жерге жедел жеткізу үшін әскери-көлік авиациясы паркін толықтыру ісін қолға аламыз. Мемлекеттік шекараны нығайтуымыз керек. Көші-қон, соның ішінде ішкі көші-қон саласын тәртіпке келтіретін кез келді. Қару-жарақ айналымын мұқият тексеріп, оны заң тұрғысынан реттеу қажет. Шұғыл түрде қираған ғимараттар мен арнаулы техниканы жөндеп, бейнебақылау жүйесін іске қосып, құқық қорғау органдарының қызметін қалпына келтіру керек.
Бұл оқиға біздің қамсыздығымызды көрсетті. Шегенделген шекарамыз бар десек те оны ойрандаушылар оңай аша алады екен. Әйтпесе осы күндері тәркіленіп жатқан жүздеген қару-жарақты кім, қайдан әкелді? Қалай елге енгізді? Бүгін Мемлекет басшысы шекара қызметін түгел тексеруді тапсырды. Діни экстремизмге қарсы күресті де күшейту керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Баса назар аударуды қажет ететін тағы бір мәселе бар. Көптеген жас азаматымыз Қарулы күштер қатарында әскери борышын өтеуден қашады. Әскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайды және Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды. Армия қатарында қызмет ету, құқық қорғау саласында жұмыс істеу – айрықша миссия. Бұл – Отан үшін жанын салуға бел буған азаматтардың саналы таңдауы. Жастарымызды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын біз бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек. Біз – мықты халықпыз. Төл тарихымызда талай жаугершілік заманды, ашаршылықты және басқа да алапат қиындықты бастан өткердік. Соңғы күндердегі қайғылы оқиғалар біз үшін тағы бір сынақ болды. Оны еңсеріп, бұрынғыдан да мықты боламыз.
Президент әрі Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жақын арада қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізетінін хабарлады. Сол отырыста біраз жайт ортаға тасталады, талқыланады. Анығы сол, ішкі ахуалда Қаз дауысты Қазбек айтқандай, найзаға үкі тағатын сәт жақын келген секілді. Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Алмас Омарғалиев, Бақытбек Нұртаев