Алматыға жаңа әкім келді: Ерболат Досаев қандай уәде берді?
51 жастағы әкім Алматының тумасы. Орта мектеп пен жоғары оқу орнын да осында тәмамдаған. Әр жылдары Қаржы, Денсаулық сақтау, Экономика министрі болып қызмет атқарды. Премьер-Министрдің орынбасары да болды. Ерболат Досаев елдің есінде талай рет басы дауға іліккен министр ретінде сақталып қалды.
2006 жылы Денсаулық сақтау министрі болған тұста Шымкент ауруханаларынан шу шықты. Дәрігерлердің салғырттығынан 200-дей бала ВИЧ дертін жұқтырып, артынша Досаев қызметімен қоштасты. Экономика министрі болған тұста да бірнеше рет көптің сынына ұшырады. Мәселен, ол басқарған ведомство тұрғын үй мен көлік салығын көтеру бастамасын ұсынды. Ауыл шаруашылығы жерлерін аукцион арқылы сату және жерді шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзарту мәселесі де Досаевтың тұсында көтерілді. Халықтың наразылығын тудырған осы мәлімдемелерден кейін Досаевтың отставкаға кетуіне тура келді. Ал 2019 жылдан бүгінгі күнге дейін ол Ұлттық банкті басқарды. Бүгін қала активімен кездескен жаңа әкім өзіне артылған сенімді алдағы уақытта абыроймен алып жүрем деп сендіруге тырысты.
Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:
- Мемлекет басшысының сеніңмін ақтауға бар күш-жігерімді жұмсаймын. Алматыны бұрынғы қалпына келтіріп, одан әрі көркейту – мен үшін маңызды міндет. Осындай сын сағатта бәріміз жұдырықтай жұмылып, қызмет ететінімізге сенім білдіргім келеді. Бүгін Алматы тұрғындарымен бірге екендігімізді көрсету керекпіз деп ойлаймын.