Хабар телеарнасы

ҰҚК қызметі қайта жасақталады

Қазір шекара мен «А» арнаулы мақсаттағы қызметтің құрылымын, міндеттері мен функцияларын бағалау және оңтайландыру бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. Әсіресе, лаңкестік, трансұлттық ұйымдасқан қылмыс және халықаралық есірткі бизнесіне қарсы күрес пен экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімшелерін қайта құру мен нығайту мәселелері басты назарда. Бұл ретте Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штабы күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдардың терроризмге қарсы операция режимі жағдайында бірлескен іс-қимылдарын жетілдіруге талдау жүргізуде. Сондай-ақ жеке құрамның жауынгерлік дайындығын күшейту бойынша нақты шаралар да әзірленді. Бастама Президенттің тапсырмасымен қолға алынды.

Уәлитхан Қабышев, ҚР ҰҚК ардагері:

- Арнаулы қызмет болғандықтан көп нәрселерді ашып-шашуға мүмкіндік те жоқ болар. Қоғамға оның қажеті де жоқ. Қоғамға нәтиже керек. Осындай трагедиялардың алдын қалай алу керек, алдын қалай болжау керек, талдау жұмыстары саласында үлкен кемшіліктер болғаны сөзсіз. Міне, соларды жөндеу бойынша үлкен өзгерістер жүргізіліп жатыр. Әскери мекеме болғаннан кейін ол өзгерістер өте тез істелінеді. Істелініп те жатыр. Кадр мәселесі шешілсе, ол бір жүйеге тезірек келеді деп ойлаймын.