Қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болғандардың барлығы лаңкестер ме? Президент жауабы
Бұл сауалға Президент арнайы сұхбат барысында жауап берді.
Тілшінің: «Қаңтар қасіретіне келсек. Өкінішке қарай, көп адамның өмірін жалмады. Солардың бәрі лаңкес пе? Себебі басында адамдардың бәрі бейбіт шеруге шықты емес пе?» деген сауалына Мемлекет басшысы былай деп жауап қатты:
«Бастапқыда бейбіт шерулер болды. Мұны бәріміз көрдік. Еліміздің әр аймағында азаматтар алаңға жиналып, өз талаптарын айтты. Тіпті наразылығын білдірді. Шынын айтсақ, ешқандай қирату, қылмыстық әрекет болған жоқ. Бірақ кейін жағдай мүлде басқа арнаға бұрылып кетті. Арандатушылар мен қарақшылар пайда болды. Олардың мақсаты бейбіт шеруге қатысу болған жоқ. Олардың шынайы мақсаты билікке шабуыл жасау еді. Бір сөзбен айтқанда, соңғы кезеңде алаңға нағыз лаңкестер шықты.
Бүлікшілер мыңдаған қару-жарақты ұрлап кеткен. Полиция әлі күнге дейін оның бәрін іздеп жатыр. Бірақ толық табылмады. Ол қарудан әлі де оқ атуы мүмкін. Сонда сұрақ: олар кімдер? Бейбіт шеруге шыққандар ма? Бұл – кәсіби қарақшылардың ісі»
Президент бүлік кезінде арнайы дайындалған қылмыстық топтар жұмыс істегенін, ал олардың арасында болған бейбіт азаматтарды лаңкестер мен қарақшылардан бөліп алу керек екенін айтты. Мұның күрделі жұмыс екенін алға тартқан Тоқаев тергеу жұмыстары тыңғылықты жүргізілетінін айтып сендірді.
«Лаңкестердің мақсаты – елдің тұтастығын бұзу, халықты қорқыту. Ал бейбіт шерушілер солардың қармағына түсті. Қазір сол кінәсіз азаматтардың құқықтарын қорғауымыз керек. Қозғалған әрбір іске қатысты мұқият тергеу жасалуы керек деп айтқанмын. Адамдардың құқықтарын бұзғандар жазаға тартылады», - деді Президент.