ҚР СІМ: Украинадан эвакуацияланып жатқан қазақстандықтардың үшінші тобы бүгін келуі мүмкін
Қазір Польшада 70-тен астам ел азаматы жиналған. Олар бортты толтыру үшін басқа да отандастарын елге қайтуға шықырып отыр. Министрлік мәліметіне сүйенсек, тағы 56 қазақстандық Украина-Польша шекарасына бет алған.
Ал отыз үш жүк көлігінің жүргізушісі Украина аумағынан шыға алмай жатыр. Бұл туралы «Атамекен» ұлттық палатасы хабарлады. Қазіргі уақытта 2 жүк көлік Украина мен Польшаның арасындағы өткізу пунктінде тұр. Бұған дейін 21 жүк тасымалдаушы Украинадан шығып кетті. 10 жүргізуші Ресейге, 8 көлік Молдоваға жеткен. Тағы үш жүк көлігінің жүргізушісі Польша шекарасынан өткен. Қазір олар Беларусь арқылы Қазақстанға қарай келе жатыр.
Мұрат Амрин, «АТАМЕКЕН» ҰКП Логистика және тасымалдау департаментінің директоры:
- Қазір біз үйлестіру жұмыстарын жалғастырудамыз. 17 жүк көлік Украинадан шығу үшін Рава-Русская бекетіне бет алды. Елшілік ол жерде жасыл дәліз ұйымдастырғандықтан, жүргізушілерден ПЦР-тест пен рұқсат ету бланкттері қажет етілмейді. Осындай жеңілдетілген жасыл дәліз арқылы біз барлық жүргізушілерімізді шығаруды жоспарлап отырмыз.
Халықаралық порттарда Қазақстандық өнімді өткізбей жатыр. Кеме қатынасы компаниялары да тауарларымызды қабылдаудан бас тартуда. Бұл туралы жуырда кәсіпкер Қанат Көпбаев хабарлады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәселені назардан тыс қалдырмады. Көлік және логистика саласында туындаған мәселелер бойынша жедел штаб құрылғаны белгілі. Ресми мәлімдемеде қолайсыз жағдай Еуропалық Одақ пен Ресей Федерациясы арасындағы саяси шиеленіске байланысты пайда болды деп айтылған. Штаб өкілдерінің айтуынша, егер лайнерлер жүгіңізді қабылдамай жатса, экранда көрсетілген телефон нөмерлеріне хабарласа аласыз.