ҚР Президентінің туыстары қандай қызметке орналаса алмайды?
Өйткені Президенттің кейбір өкілеттіктерін жоятын заң жобасында олардың жоғары лауазымға отыруына тыйым салынған. Әділет министрі Қанат Мусин туыстық қарым-қатынас кімдерді қамтитынын жіктеп берді. Әрине, міндетті түрде бұл тізімге балалары мен бірге туған бауырлары және аталас ағайындары да кіреді. Қанат Мусин олардың нақты қай қызметтерден алшақтатылатынын да айтып берді. Саяси лауазымдардың тізімі барынша кең. Атап айтқанда, министр, вице-министр, әкім, мемлекеттік орган және ұлттық компания басшысы лауазымдары бар. Заң жобасы сәуірдің соңына дейін Мәжілістің қарауына жіберілуі тиіс. Министр суперпрезиденттік пен президенттік форманың да ара-жігін түсіндірді.
Қанат Мусин, ҚР Әділет министрі:
- Бұрын Президентте аудан әкімдерін тағайындау, орнынан алу, лауазымнан босату, олардың шешімдерін өзгерту немесе күшін жою деген өкілеттігі болды. Бірақ бұл былай айтқанда, Президенттің жұмысы ма? Әрине, жоқ. «Суперпрезиденттік форма» деген осы. Бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің түбіне дейін жетіп, солардың жұмыстарын жөндеп жүруі – суперпрезиденттік форма. Қазір Президент содан босап жатыр. Оны шешетін облыс әкімі бар. Басқару деңгейінің түрлі өкілдері бар. Сол деңгейде шешілуі тиіс.