Мемлекет басшысы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасын одан әрі дамыту стратегиясымен танысты
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы қағазбастылықтан арылмайтын министрлікке айналып кеткен. Бұл жайында Ақордада Президентке осы палатаның президиум төрағасы Райымбек Баталов айтып берді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа палатаны трансформациялау жолдары таныстырылды. Атап айтқанда, енді президиум төрағасы мен палата басқармасының позициялары қосылатын болады. Қасым-Жомарт Тоқаев «Атамекеннің» жұмысын түбегейлі өзгертуді қолдады, себебі Президенттің ойынша, палата бизнес пен билік арасындағы алтын көпірге айналуға тиіс.
Райымбек Баталов, «Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы:
- Президент палатадағы үлкен өзгерістерді қолдайтынын білдірді. Біріншіден, бұл шағын және орта бизнеске қатысты. Біз бұл ретте көңілді өңірлерге көбірек аударғымыз келеді және жергілікті әкімдіктермен жұмысты жандандыра түсеміз. Екіншіден, кездесуде ұлттық палата мен бизнес тарапынан сараптаманы жақсарту мәселесі айтылды. Үшінші – блок, бизнестегі дебюрократизация. Бұл мәселе де Президент тарапынан қолдау тапты. Біз сондай-ақ қазір Ұлттық палатаның Заңына өзгерістер енгізу мәселесін пысықтап жатырмыз. Бұл бойынша ұсыныстарды жақын арада Үкіметке береміз.