Сенатта биологиялық қауіпсіздік туралы заң жобасы қаралды
Отандық зертханалар сырттан қаржыландыру, сондай-ақ грант та алмайды. Бұл туралы сенатор Ақылбек Күрішбаев мәлімдеді. Ғалымдарымыз елдегі биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында өз ақшамызға еңбектенеді. Бұл – стратегиялық міндет. Ол бойынша арнайы заң мақұлданды.
Мамандардың мәліметінше, аса қауіпті инфекциялардың ошақтары Қазақстан аумағының жартысына тараған. Мысалы оба 10, туляремия індеті 12 облыста тіркелген. Сондай-ақ күйдіргі ауруы анықталған елді мекендер де бар. Оның сыртында жыл сайын туристік және іскерлік қатынастар кезінде шетелден тырысқақ дертіне шалдығатындар бар. Жағдай күрт қиындайтын болса, еліміздегі онға жуық орган тығыз байланыста жұмыс істей білуі керек. Қабылданған заң осыны көздейді және биозертханалардың жұмысын үйлестіреді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Бұған дейін елімізде биологиялық қауіпсіздік саласын құқықтық реттеуге арналған арнайы заң болған жоқ. Алдағы уақытта қабылданған заңдар биологиялық қауіп-қатерлерді болжауға және олардың алдын алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ осы құжаттар биологиялық қауіпсіздік саласындағы іргелі және қолданбалы ғылымды дамытуға өз үлесін қосады деп сенеміз.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Осы заң жобасына 25,5 млрд теңге қарастырылды. Ол лабораторияларды жақсарту, мамандардың оқуы, құрал-жабдықтарды алуға жұмсалатын болады.