Орталық референдум комиссиясы: дауыс беру қалай жүріп жатыр?
Осы уақыт ішінде дауыс беру құқына ие халықтың қаншасы таңдау жасады?
Риат Шони, тілші:
- Біз Орталық референдум комиссиясынан ақпарат таратуды жалғастырамыз. Жаңа деректерге сай елдегі барлық дауыс беру учаскелері өз жұмысын бастады.
Жалпы референдумда 10 012 дауыс беру орны құрылған. Оның 65-і шет елдерде. Өзге мемлекеттерде уақыт айырмашылығына байланысты әлі таң ата қойған жоқ. Сондықтан 15 елдегі 17 учаске ғана жұмыс істеп жатыр.
Жалпы сағат 08:00-дегі мәліметке сай өз жұмысын бастаған дауыс беру орындарының саны Алматы облысында көп болды. Аталған аймақта 1053 учаскеде қазақстандықтар өз дауыстарын беруге кіріскен. Ең азы Маңғыстау өңірінде – 231. Әзірге осы уақытқа дейін қанша адам дауыс беріп үлгергендігі жайында ақпарат жоқ. Оны қазір сағат 10:15-те өтетін брифинг барысында Орталық референдум комиссиясының мүшесі Сабила Мұстафина айтатын болады.
Еске салсақ, маңызды науқанда 11 млн 722 мыңнан астам отандасымыздың дауыс бере алатын конституциялық құқығы бар.