Орталық Азия көшбасшыларының жиынында Қасым-Жомарт Тоқаев бес ұсыныс айтты
Бұл ретте посткеңестік кеңістікте өзінің шекарасын толық делимитация жасаған мемлекет ретінде Қазақстан көмек көрсетуге дайын. Орталық Азия көшбасшыларының Консультативтік кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Бес мемлекеттің басшысы бас қосқан жиында Қазақстан Президенті Орталық Азиядағы интеграцияны жандандыратын 5 ұсыныс айтты.
Шілде айында Шолпан-Ата шаһарының шағын көшелері туристерге лық толады. Алып Алатау, суы мөп-мөлдір Ыстықкөл. Туристердің тіл табысуында да кедергі жоқ, емін-еркін, абыр-сабыр. Себебі көбі – көрші елден келгендер. Осылайша, Ыстықкөл Орталық Азиядағы туристік интеграцияның рөлін бір өзі атқарып тұр.
Соңғы екі күнде Шолпан-Ата туристік мекеннен саяси салмағы бар шаһарға айналып шыға келді. Орталық Азиядағы бес бірдей мемлекеттің басшылары «Рух Ордо» мәдени кешенінде бас қосты. Бұл – Орталық Азия мемлекет басшыларының төртінші консультативтік кездесуі. Күн тәртібі сол қалпы, тек қатысушылардың құрамында өзгеріс бар. Түрікменстанның жаңа әрі жас президенті Сердар Бердімұхамедов көршілермен келіспекке «брондалған» ақ көлікпен келді.
Саммиттің қожайыны Садыр Жапаров үшін де бұл – алғашқы тәжірибе. Дөңгелек үстелге жайғасқанда алғашқы сөзді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алды. Әдетте мұндай жиындарда сөз алғанда жастың үлкендігі емес, әліпбидің реті ескеріледі. Қазақстан Президенті Орталық Азияда орналасқан бес елге теңдей тиімді болатын бес ұсыныс айтты. Соның бірі – Орталық Азияны ара-тұра дүр сілкіндіріп тұратын шекарадағы атыстар жайында. Мемлекет басшысының ойынша, бұған селқос қарауға болмайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мемлекетаралық шекаралардағы әрбір мылтық дауысының жаңғырығы екі елге ғана емес, бүкіл өңірге жағымсыз әсер етеді. Керісінше, дәл қазіргі дағдарыс жағдайында мемлекеттеріміз қайшылықтарды еңсеру ісінде өркениеттіліктің, жауаптылықтың үлгісін көрсетуге тиіс. Шекараны заңды түрде рәсімдеу үдерісінің өте күрделі әрі қиын екенін өз тәжірибемізден білеміз. Даулы мәселелер шынайы тату көршілік пен халықаралық құқықтың іргелі қағидаттарына құрмет көрсету арқылы тек бейбіт жолмен шешілуі мүмкін. Бұның басқа жолы жоқ.
Соңғы бес жылда Қазақстан мен Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымы 42% артып, 6,3 млрд долларға жеткен.
Қазақстан бұл көрсеткішті жақын жылдары 15 млрд АҚШ валютасына жеткізуге ниетті. Себебі әлеует бар. Бірақ соны тиімді пайдалана алмай жатырмыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Шекаралық сауда-экономикалық хабтар желісін құруға бағытталған нақты шаралар қабылдаған жөн болар еді. Қазақстан қазірдің өзінде бұл бағытта қырғыз және өзбек серіктестерімен нақты қадамдар жасап жатыр. Атап айтқанда, қазақ-өзбек шекарасында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының жобасы, ал қазақ-қырғыз шекарасында Индустриялық сауда-логистикалық кешен жүзеге асырылып жатыр. Тәжікстанмен көтерме сауда-тарату орталығын құру туралы келісім бар, Түрікменстанмен астық терминалын салуды жоспарлап отырмыз.
Ал Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон бірден ауған мәселесін айтып бастады. Оның айтуынша, жағдай одан әрі нашарлай түседі. Ол билікке келген тәліптерді елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге ешқандай қадам жасамай отырғанын айыптайды. Осы кезде кездесудің бейнетрансляциясы үзіліп қалды. Орталық Азия елдері үшін Ауғанстаннан келер қауіптің көбеймесе, азаймағанын отандық сарапшылар да айтып отыр.
Жұмабек Сарабеков, әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
- Ауғанстан әлі күнге дейін тұрақсыз болып отыр. Яғни талибан билікке келгенімен, ел ішіндегі, әсіресе қауіпсіздік саласындағы мәселелер бір ретке келген жоқ. Одан бөлек, соңғы бірнеше айда Ауғанстан тарапынан Тәжікстан мен Өзбекстанға қарсы зымырандар атқылау фактісі де болды. Бүгінде оны ДАИШ жүзеге асырды деп мәлімдеме жасап отыр. Яғни Ауғанстан тарапынан төніп отырған қауіптер әлі күнге жоғары, оның ішінде наркотрафик те бар. Одан бөлек Ауғанстанда қазіргі таңда үлкен гуманитарлық дағдарыс орын алуы мүмкін. Яғни бұл азық-түлік дефицитімен байланысты. Мұның барлығы осы аймақтық қауіпсіздік жүйесіне өзінің әсерін тигізеді.
Сосын өңірдегі өзекті мәселенің бірі – су. Климат жылына береді, су азая береді. Алдағы болжам осы.
Бұл ретте Қырғыз тарапының өз уәжі бар. Садыр Жапаров әріптестеріне базынасын жеткізді. Қырғызстан су ресурстарын жинайды, сақтайды, бірақ тиісті өтемақы алмайды.
Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының президенті:
- Су ресурстарын басқарудың қолданыстағы тетіктері Орталық Азия елдерінің қажеттіліктерін қанағаттандырмайды. Қырғызстан әлі де су ресурстарын жинақтау және сақтау үшін тиісті өтемақы ала алмай отыр. Сондықтан су пайдаланудың өзара тиімді тетіктерін бірлесіп әзірлеуді тағы да ұсынамын.
Айтпақшы, осы сапарында Қазақстан Президенті: «Қамбар Ата су электр станциясының құрылысына қатысты нақты әрі пайдалы уағдаластыққа қол жеткіздік», - деді. Бұл да мұндай кездесулердің қажеттілігін растай түседі.
Ерсұлтан Жансейітов, сарапшы:
- Бұл формат негізі Орталық Азиядағы елдердің барлығына пайдалы, тиімді. Өйткені Азия елдері бір-біріне өзара тәуелді. Мысалы, Қазақстан экономикасы қалған төрт Орталық Азия елдеріне қарағанда әлдеқайда үлкен, бірақ біз Тәжікстан мен Қырғызстанға су мәселесінен тәуелдіміз.
Көлік байланысын арттыру – тағы бір ортақ міндет. Бұл ретте Қазақстан мен Өзбекстан өнімді жұмыс істеді. «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің іске қосылуы тауар өткізу әлеуетін 2 есе арттыруға, ал жүк тасымалдау мерзімін 1,5 есе қысқартуға мүмкіндік береді. Саясат та, экономика да маңызды, бірақ білім керек. Бауырлас елдерде мәдени байланыс та ақсап қалмауға тиіс. «Озық жоғары оқу орындарымызды Орталық мемлекеттерінде ашуға әзірміз», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мемлекетаралық және этносаралық араздықты қоздыру арқылы елдерімізді алалауға және қарым-қатынастарымызға сызат түсіруге бағытталған кез келген әрекетке төтеп беру үшін бірігуіміз қажет. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін бұқаралық ақпарат құралдарымыз аймақ елдерінде болып жатқан оқиғалар туралы жаңалық тарату жағынан ақсап тұрғаны байқалады. Мүмкіндігінше, бұл үрдісті өзгерту керек. Бәлкім, бүкіл аймақтық телеарна немесе ақпараттық интернет-сайтын ашқан жөн болар.
«Бес президенттің төртінші кездесуі жемісті аяқталды», – деп жатты сарапшылар, тіпті кейбірі бүгінгі саммитке «тарихи» деген баға да берді. Себебі президенттер бас-аяғы алты құжатқа қол қойса, соның маңыздысы – достық пен тату көршілік және ынтымақтастық туралы келісім.
Мұндай ортақ құжатқа алғаш рет бес тарап түгелімен қол қоймақ. Әдетте мұндай міндеттерден Түрікменстан тартынып қалатын. Айтпақшы, Орталық Азия мемлекет басшыларының Консультативтік кеңесіне Әзербайжан да қызығушылық танытып отыр. Келер кездесуде бұл ел құрметті қонақ ретінде қатысуы бек мүмкін. Ал Консультативтік кеңестің төрағалығын Тәжікстан алды, демек, бесінші мерейтойлық кездесу Душанбеде өтеді.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- «Әлемде аймақтық бірлестіктер мен ұйымдар бар және олардың барлығы мінсіз жұмыс істеп тұр деуге болмайды», – дейді сарапшылар. Бәрібір әр мемлекеттің өз мүддесі болады, мақсаты бар дегендей. Орталық Азиядағы интеграция туралы көп айтылды, отыз жылдан артық. Дегенмен ендігі айтып қана қоятын кез еместігін бұл бестік біліп отыр. Сондықтан олар дөңгелек үстелдің басынан, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен айтқанда, «тарихи» құжатқа қол қойып барып, тарқасты. Ал құжат үш негізгі түсінікке құрылған. Ол – достық, тату көршілік және ынтымақтастық. Бес президенттің пайымынша, осы үшеуі түгел болса, Орталық Азиялық интеграцияны үдетуге әбден болады.