Мемлекет басшысы бірқатар қабылдау өткізді
Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы Шейх-уль Ислам Аллашүкір Паша-Задемен кездесуде конфессияаралық диалог халықаралық қауымдастықты біріктіру жолдарын бірлесіп іздеу құралы екені айтылды. Президент бауырлас Қазақстан мен Әзербайжан халықтары арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту керектігіне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Әл-Азһар» университетінің Жоғарғы имамы Ахмад ат-Тайебпен де кездесті. Мемлекет басшысы Мысырдағы жоғары оқу орнында қазақстандық студенттердің білім алуына жасалған жағдайды жоғары бағалайтынын жеткізді. Келесі жылы Сұлтан Бейбарыстың туғанына 800 жыл толуына орай Қазақстан тарапы Каирдегі Сұлтан Бейбарыс мешітін қайта жөндеуге айтарлықтай үлес қоспақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев Иерусалим Патриархы III Феофилмен кездесіп, дінаралық және конфессияаралық диалогты ілгерілету мәселелерін талқылады. Құрметті қонақ Съез қорытындысы әлемде бейбітшілікті одан әрі нығайтудың нақты бағдарларын әзірлеуге ықпал ететініне сенім білдірді.
Сондай-ақ Президент БҰҰ Бас хатшысының Өркениеттер альянсы жөніндегі Жоғары өкілін қабылдады. Ол Мигель Анхель Моратиноске Қазақстанға келгеніне және форумды өткізуге дәйекті түрде қолдау көрсеткеніне алғыс айтты. БҰҰ Бас хатшысының Жоғары өкілі жиын нәтижелері бейбітшілікті, келісімді және дінаралық диалогты нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Мемлекет басшысы «CLAAS Group» компаниясы Бақылау кеңесінің төрағасын да қабылдады. Кездесуде Катрина Клаас-Мюльхойзер Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін кеңейту жөніндегі жоспарлары туралы айтты. Компания былтыр Петропавлда комбайн, трактор, егіс кешендері мен астық жинау машиналарын құрастыратын зауыт ашқан. Бүгінде өнімділігі жоғары комбайндарды қосқанда 400-ден аса техника құрастырылды. Қазір өндірісті оқшаулау шаралары атқарылып жатыр. Президент еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің айтарлықтай әлеуетін атап, ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту мен жергілікті қамтуды арттырудың маңызын айтты. Кездесуде ынтымақтастықтың дамуына оң баға берілді.