Бас қаламыз әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларын қабылдады
Мұндай кең құрамдағы алқалы жиын осымен жетінші рет өтуде. Бұл жолы 50 елден жүзден астам делегат жиналды. Ал съез жұмысын шетелдік 70-тен астам бұқаралық ақпарат құралы әлемге таратып жатыр.
Әлемдік және дәстүрлі діндердің көшбасшылары - олардың әлем хақына бұйрық беретіндей құзіреті жоқ. Дегенмен құндылықтарды дәріптеп, адасқандарды тура жолға бағыттай алады. Бұл алаң оны қалай іске асыру керектігін айқандайтын орын. Ой бөлісіп, керек кезінде бұдан кейін бірлесіп әрекет етудің жай-жапсары да осында пысықталды. Жиынға төрағалық еткен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қонақтарға қазақ, орыс және ағылшын тілінде баяндама жасады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Еліміздегі және бүкіл әлемдегі диалог пен ынтымақтастықты нығайту — Қазақстан саясатының маңызды бөлігі. Қазіргі таңда Қазақстанда 100-ден астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр, 18 конфессия өкілдерінің 4000-ға жуық діни бірлестіктері емін-еркін жұмыс істейді. Біз мұны еліміздің баға жетпес байлығы және бірегей артықшылығы деп санаймыз. Қазіргі күрделі кезеңде дінбасылардың бір үстел басында жиналуы айрықша маңызды.
Олар тек жиналып қана қойған жоқ, бірқатар мәселені атап, тіл табысуға болатын тұстарды көрсетті. Ватиканның және Католик шіркеуінің басшысы Рим Папасы Франциск өз сөзінде Абай ілімінен үлгі алуды ұсынды.
Рим Папасы Франциск, Рим-католик шіркеуінің басшысы:
-Ешкім бұл дүниеде мәңгі емес. Демек оны мағыналы етіп өткізу маңызды. Оны біз қару мен қақтығыстардан емес, дұрыс білім алудан іздейік. Жан тіршілігін рухпен ұштастыру керек. Абай солай айтқан. Зұлымдыққа жол беретіндер дін өкілі бола алмайды. Немесе жартылай сенім иесі. Сондай-ақ қонақты қабылдай білейік. Жалпы адамның өзі бұл дүниеде қонақ. Мұны да Абай айтқан.
Рим Папасының қонақ деп меңзеп тұрғаны әлемдегі босқындардың артуы. Зерттеулерге қарағанда адамзат тарихында дәл қазіргідей босып елден көшу, кедейшілік деген болған емес. Ол көп жағдайда қолдан жасалуда. Түрлі қақтығыстардан бөлек, табиғатқа орасан зиянымызды тигізіп жатырмыз. Дүниежүзіне ортақ диалог қажет. Барлық дін өкілдері осы үшін жұмыс істеуі тиіс.
Шейх Ахмад Ат-Тайеб, әл-Азһар ислам университетінің бас имамы:
-18 ғасырда философтар адам болашақта соғыстың не екенін ұмытады деп болжаған. Сол кездегі қоғамның дамуына қарап айтқандары ғой. Қазір бәрі керісінше болды. Демек дін басшыларының арасында диалог дұрыс жолға қойылмаған. Біз елге, әр саланың өкіліне қандай насихат, уағыз айтуымыз керек. Соны саралай білейік.
Бұған қатысты басқа баяндамышылар да өз пікірлерін білдірді. Жалпы дінаралық диалог мүлдем жоқ деуге болмайды. Өзара түсіністік, сыйластық, өзіндік қолдау қалыптасқан. Енді соны дамыта түсу маңызды. Айтпақшы осы жолда дараланған бірқатар делегат бүгін арнайы төсбелгілермен марапатталды.
Съездің ертеңгі күнтәртібі төрт алаңнан тұрады. Оларда рухани-адамгершілік құндылықтар, бейбітшілік пен келісімдегі білімнің рөлі, экстремизм мен терроризм мәселелері және әйелдің әлеуметтік мәртебесі сынды тақырыптар қаузалады. Сондай-ақ пленарлық отырыстан кейін делегаттар елордадағы туристік нысандарды аралап, түрлі діни орындарда құлшылық шараларына қатысты.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Азамат Сәметов