Қазақстан Өзбекстан сенаторлары Арал мәселесін талқылады
Жоғары палата спикері Мәулен Әшімбаев Арал мәселесіне, оның салдарын жоюға қатысты бірлескен жұмысқа баса мән берді. Өңіраралық және шекара маңындағы ынтымақтастықты дамыту мен бауырластық байланысты нығайту қажеттігі атап өтілді. Өз кезегінде Өзбекстан Олий Мажлисі сенатының төрайымы Танзила Нарбаева парламентаралық ынтымақтастықты қалыптастыру жолында жүйелі жұмыс жүргізген Қазақстанға алғысын білдірді. Отырыста сайлауды бақылау жөніндегі мониторингтік миссиялар кезінде бірлескен жұмыс барысы да сөз болды. Соңында сенаторлар туризмді дамыту, су ресурстарын басқару, Орталық Азияда қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тартылған теңіз салдарын жоюға белсенді атсалысатынын жеткізді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Біріккен Ұлттар Ұйымы және барлық әлемдік қоғамдастық Аралдың құрғауын қазіргі таңдағы жаһандық экологиялық проблемалардың бірі ретінде атады. Қазақстан мен Өзбекстан Арал өңіріндегі жағдайды айтарлықтай тұрақтандыруға мүмкіндік беретін тиісті шараларды және жобаларды іске асырып жатыр. Отырыс кезінде біздің депутат әріптестеріміз Арал проблемасын шешу жолында Парламенттеріміз тарапынан атқарылатын бірлескен жұмысқа қатысты тың идеялар мен ұсыныстарын ортаға салады деп үміттенеміз.