«Достық – Мойынты» теміржол учаскесінің екінші бөлігін салу жұмыстары басталды
Көрші елдермен алыс-беріс пен барыс-келісті жаңа деңгейге көтеретін теміржол 2025 жылы салынып бітуі тиіс.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Бұл жоба осы бағытта өткізу мүмкіндігін 5 есеге арттыруға мүмкіндік береді және экспорттық тасымал мәселесін толық шешеді. Жобаны іске асырудың жиынтық тиімділігі 20 жыл ішінде бюджет түсімдерін 4,1 трлн теңгеге қосымша ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Жол құрылысы жұмыстарына 3 700 адам жұмылдырылады. Ал теміржол желісі пайдалануға берілген кезде 500 адам тұрақты жұмыспен қамтамассыз етіледі.
Нұрлан Сауранбаев, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
- Бұл іске асыруға тапсырылған темір жол саласындағы аса ірі төрт инфрақұрылымдық жобаның алғашқысы. Осы құрылыс үшін қазақстандық зауыттардан 2 млн-ға жуық шпал, 124 мың тонна рельс және электр жабдықтары сатып алынады.
Аталған жобаның ел мен өңір экономикасына тың серпін берерін сала ардагерлері де айтып отыр.
Қалтай Сәмбетов, Қазақстанның құрметті теміржолшысы:
- Біріншіден, Қазақстан елінің экономикасы дамиды. Екіншіден, теміржол бар жерде өндіріс орындары ашылады.
Жоба жүзеге асса, тәулігіне қатынайтын пойыздар саны 12-ден 60-қа артады. Бұл қазақстандық экспорттаушылар жүктерін тасымалдау мәселесі оң шешіледі деген сөз.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар