Бюллетеньдерді санау жүріп жатыр
Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:
- Біз қазір 255 сайлау учаскесінде тұрмыз. Мұнда 2321 сайлаушы тіркелген. Көбі студенттер. Себебі маңында бірнеше жоғары оқу орны орналасқан. Сайлау туралы заңға сәйкес кешкі сағат 20.00-де учаске жұмысын тоқтатты. Сайлау учаскесі төрағасының айтуынша, алдымен пайдаланылмаған бюллетеньдердің шеті қайшымен қырқылып жойылады. Содан кейін дауыс берушілер салған жәшіктегі бюллетеньдер саналады. Оны мұндағы сайлау участогының 9 мүшесі санайды. Содан кейін төраға аумақтық сайлау комиссиясына қапқа салып пломба қойып тапсырады. Қосымша хаттама мен есеп тапсырылады. Сайлау барысын жергілікті және шетелдік байқаушылар бақылаған еді. Енді солардың пікірін тыңдап білсек.
Микаэль Левистон, Францияның халықаралық қатынастар институтының сарапшысы:
- Мен 5 сайлау учаскесінде болдым. Оның төртеуі мектеп ғимаратында, біреуі Ұлттық кітапханада орналасқан. Дауыс берушілердің арасында үлкендермен қатар жастар да көп болды. Маған тағы бір ұнағаны Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандардың сайлау учаскелеріне келіп дауыс беруі үшін барлық жағдай жасалған. Бұл өзге сайлау процесін ұйымдастырушыларға жақсы үлгі болады. Сайлау позитивті, конструктивті түрде өтті.
Талғат Жанысбай, «Ел ертеңі» қоғамдық қорының өкілі:
- Біз де сәт сайын, минут сайын өзіміздің бақылаушылармен байланысып, әлеуметтік желілер арқылы жылдам хабар алмасып жатырмыз. Халықтың сайлауға деген құлшынысы, белсенділігі өздеріңіз білесіздер 2019-дан басталды. Қазір енді жалпы сайлау мәдениеті, бақылаушылар институттары қалыптасты.
Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:
- Айта кетейік, Алматыда 600 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Саяси науқанды 3 мың жергілікті және 43 халықаралық байқаушы бақылады.