«Біздің ел – біздің таңдау!» онлайн телемарафоны өтіп жатыр
Саяси науқанға қатысты маңызды ақпар, мазмұнды сұхбат, тебірентер ән – бәрі-бәрі осында. Таңғы 9-дан түнгі 1:00-ге дейін жалғасатын шара қазір тіптен қыза түскен.
Марафонды есімі елге белгілі 27 тележурналист тізгіндейді. Сағат сайын олар сайлаушылардың саяси белсенділігі бойынша баспасөз конференциясын өткізіп жатыр. Онда халықаралық байқаушылар, сарапшылар, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігінің өкілдері соңғы деректермен бөліседі. Ал «Экспресс-камера» алаңында мың жарымнан астам қонақпен сұхбат жүргізілмек. Біз де қалыс қалмадық.
Арнұр Ысқақов, «Қанаттылар» инклюзивті театрының жетекшісі:
- Телеарна арқылы, әлеуметтік желі арқылы қоғамға біздің шынайы келбетімізді көрсетуге жол ашып жатыр. Сондықтан осындай марафон, әрине, бірінші кезекте керек. Бұл ақпаратты халыққа дейін жеткізу дұрыс болу керек.
Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
- Сайлау - ол әр елге сынақ. Сайлаудан жақсы өтіп, өз президентімізді таңдап, дүниежүзіне тағы да көрсетсек, өзіміздің дамыған ел екенімізді, демократиялық ел екенімізді, көрші елмен терезесі тең ел екенімізді көрсетсек, ең басты жетістігіміз сол болады.
Телемарафон алаңынан елге белгілі саясаттанушылар, Мәжіліс депутаттары мен қоғам белсенділерін ғана емес, мәдениет, спорт саласының өкілдері мен әншілерді де байқауға болады.
Әрқайсының таңдауы, жолы бөлек болғанмен - жиналғандардың бәрінің үміті ортақ.
Авторлары: Дана Әлиева, Мұхамбетәли Тилдабаев, Азамат Саметов