Тоқаев Қазақстан-Ресей Өңіраралық форумына қатысты
Әуелі Қасым-Жомарт Тоқаев, Мәскеудегі Кремль алдында орналасқан белгісіз сарбаздар бейітіне тағзым етті. Бұл мемориал жалғыз Ресей емес, өткен ғасырда Кеңес өкіметінің құрамында болған 15 ел үшін де ортақ деуге болады. Өйткені сол соғыста майдан даласында жүріп жан тапсырған белгісіз жауынгерлердің қатарында біздің қандастарымыз да бар. Қасым-Жомарт Тоқаев туған жерден топырақ бұйырмаған майдангерлердің рухына тағзым етіп, гүл шоғын қойды.
Сосын Кремльге кіріп, Қазақстан мен мен Ресейдің Өңіраралық форумын бастады. Екі елдің шекаралас облыстарындағы алыс берісті арттыруға бағытталған басқосудың биылғы форматы ерекше. 2019 жылға дейін президенттер жиын өтетін өңірде жүздесетін. Былтыр онлайн кеңесті. Ал биыл негізгі шаралар Орынбарда өтіп жатыр. Ал президенттер Кремільден тікелей қосылды. Негізгі тақырып – Транзиттік әлеуетті толық пайдаланып, халықаралық сауда - саттыққа кері әсер ететін инфрақұрылымдық кедергілерді азайту.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бірінші. Трансшекаралық және өңіраралық ынтымақтастық жөніндегі шағын комиссияның қызметін күшейту қажет. Өңіраралық ынтымақтастық бағдарламаларын үйлестіру және іске асыру – аталған комиссияның негізгі міндеттерінің бірі. Екінші. Шекара инфрақұрылымын жақсартуға, Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара пункттерінің өткізу мүмкіндігін кеңейтуге ерекше назар аудару қажет. Бұл жұмысты салынып жатқан «Бір белдеу, бір жол» бастамасы мен «Солтүстік – Оңтүстік» трансұлттық дәліздерін ескере отырып, жүзеге асыру керек деп есептейміз. Бұл бағыттарды ЕЭО қызметімен ұштастыру қажет. Үшінші. Қазақстан тұрақты сауда-инвестиция қатынастарын дамытуға мүдделі
Форумнан кейін Ресей мен Қазақстан басшылары кеңейтілген отырыс өткізіп, екі елдің арасында сауда-экономикалық мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру жолдарын талқылады. Ресей Қазақстанның сырты экономикасындағы негізгі серіктесі. Былтыр екі елдің өзара тауар айналымы 24 млрд доллардан асқан. Биыл 9 айда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға көбейді. Қазақстанда орыс қазақ кәсіпкерлері бірлескен 17 мың компания жұмыс істейді. Тараптар осы кооперацияны одан әрі арттыруға мүдделі. Айта кету керек биыл теріскейдегі көрші елмен дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл. Осы мерейлі датаға орай мемлекеттер басшылары декларация қабылдады.