Қазақы иттер мемлекеттік деңгейде қорғауға алынуы мүмкін
Көкшетаулық Ерғазы Баймол 10 жылға жуық тазы баптаумен айналысып келеді. Қазір оның 4 бірдей аңшы иті бар. Айтуынша, асылтұқымды ит асырау бүгінде екінің бірінің қолынан келмейді. Себебі бір тазының тамағының өзіне жылына 100 мың теңгеден астам қаржы кетеді. Одан бөлек күтімі мен тасымалдауы тағы бар.
Ерғазы Баймол, итбегі:
- Ет көбінесе. Вакцинасы болады жыл сайын салынатын. Түрлі жарысқа қатысып жүргеннен кейін сол кезде алыс жерлерде, басқа облыстарда болған жарыстар болады, соның барлығына өз қаражатымызбен барамыз. Кейде сол қаражат болмаған соң жарыстарға қатыса алмай қалатын күндер де болады.
Осылай деген жас итбегі мемлекеттік қолдаудан үмітті. Бірақ сол үміт ақтала ма? Жауапты министрлік Астана өкілдерінің сөзінше, қазақы иттерді қорғауға қажет деген 1,4 млрд теңге – саланың 3 жылдық бюджеті. Ал ол тазы мен төбетті сақтап, көбейтумен айналысатын арнайы ғылыми орталыққа және итбегілер арасында түрлі іс-шаралар өткізіп, ұлттық саятшылық өнерді дамытуға атсалысып жүрген қоғамдық бірлестіктерге үлестірілмек.
Әмірхан Рахымжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Көптеген сұрақ туындап жатыр. Ақша қалай ұсталынады? Ақша қайда барады? Ақша басқа жаққа кетіп қалмай ма? Ол өзі көп те ақша емес. Бірақ оны өте тиімді пайдалану керек. Әрбір 3-4 ит ұстап отырған кісілерге берсе, ақша талан-таражға кетіп қалады. Олар үлкен бір ұйымға жиналу керек. Менің өз ойым. Бірақ болашақта бұл мәселе де қаралатын шығар деп ойлаймын.
Ал тазы өсірушілердің мүддесін қорғап жүрген федерация төрағасы Алмас Оралбектің айтуынша, «Қазақы иттерге мемлекеттік қолдау көрсетіледі» деген хабар тарағалы бері елімізде түрлі ұйымдар қаптап кеткен. Олардың тек қағаз жүзінде ғана жұмыс істемесіне кім кепіл?, — дейді сарапшы. Саланы дамытамыз десек, ең алдымен кәсіби мамандар қажет.
Алмас Оралбек, «Асыл қазына» тазы өсірушілер федерациясының төрағасы:
- Университеттер жоқ маман дайындайтын. Кинолог болсын, эксперт болсын, полевой эксперттер болсын. Мынау көрмелерді өткізетін эксперттер болсын. Бізде лабароториялар жоқ. Оны ашық айту керек. Бізге мынау Еуропа болсын, Ресей болсын қай жақта жақсы. Солармен алмасу керек.
Сала маманының сөзінше итбегілік өнер көрші Қырғызстанда жақсы дамып, олар сонысымен әлемге танылған. Осы тұста айта кету керек, қазір еліміздің алдында «қазақы тазы мен төбеттің отаны – Қазақстан» деп, Бельгияда орналасқан халықаралық кинология орталығына мөрін басып, тіркету міндеті тұр. Ол үшін паспорттан бөлек иттердің тұқымын кем дегенде 3 рет жаңарту керек. Ал асылтұқымды иттерімізді қорғауға бағытталған Заң жобасына Президент қол қойса, жаңа құжат келесі жылдың шілде айында күшіне енбек. Ал оған дейін арнайы құрылған жұмыс тобы итбегілермен бірігіп, заңнаманың жүзеге асырылуын жан-жақты талқылайды.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Самат Оспанов, Евгений Шинкаренко