Президент «Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы Райымбек Баталовты қабылдады
Райымбек Баталов палатаның функциясына жатпайтын қызметтерге талдау жасалып, қысқартылғанын, олардың бәсекелік ортаға берілгенін, сондай-ақ Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бюджет бағдарламасына тәуелділігі түбегейлі азайғанын жеткізді.
Кездесу барысында еліміздегі кәсіпкерлікті дамытудың негізгі бағыттарына ерекше назар аударылды. Жоғары әлеуметтік жауапкершілік, адалдық, салық адалдығы, экологиялық талаптарды сақтау және басқа маңызды қағидаттарды берік ұстанатын кәсіпкерлердің жаңа буыны пайда болу үшін жағдай жасау қажеттігі айтылды.
Қазіргі уақытта Палата мейлінше жедел шешуді қажет ететін және стратегиялық басымдыққа ие мәселелерді анықтау үшін терең талдау жүргізіп жатыр. Аталған түйткілдердің Үкіметпен және әкімдіктермен тығыз серіктестікте шешілуі экономиканы тиімді әртараптандыруға, жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыруға және қолайлы бизнес ахуал қалыптастыруға септігін тигізеді.
Президент Ұлттық кәсіпкерлер палатасының есебін тыңдап, стратегиялық шешімдер қабылдау кезінде бизнестің мүддесін ескеру маңызды екенін, сондай-ақ отандық кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру үшін ұсынылған шаралар мен «Атамекенді» трансформациялау тәсілдерінің өзектілігін атап өтті.