Қаңтар оқиғасы: тергеу біткен жоқ
Бұл туралы Қаңтар оқиғасы бойынша арнайы Мәжілістік тыңдау кезінде Бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді. Құзырлы орган таратқан ақпаратқа сенсек, бүлікшілер шабуылдарды алдын ала келісілген жоспар бойынша жүргізген. Қаңтар кезінде 12 ұйымдасқан қылмыстық топ әрекет еткен. Олардың ішіндегі белсенділері «Айшуақ-Жантүгел» және «Дикий Арман» топтары. Соңғысы қаланың әр жерінен 24 азаматты ұрлап, ұрып-соғып қонақ үйлердің паркингінде ұстаған. Ел бойынша 5 мыңнан астам адам жараланып, 238-і қаза тапты. Бүгінде 573 адам сотталып, ұйымдасқан қылмыстық топтардың 42 мүшесі қамауға алынған. Жалпы қылмыскерлер 2 960 қару-жарақ пен шамамен 63 мың оқ-дәріні ұрлап кеткен. Қазіргі уақытта оларды іздеу қарқынды жүргізіліп жатыр. Табылғандарының бір парасы мен қаңтар оқиғасы кезінде қолданылған қару-жарақтар Мәжілістің дәлізінде ұйымдастырылған арнайы көрмеге қойылды.
Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры:
- Арнайы прокурорлар 720 қылмыстық істерді тергеді. Бұл істер бойынша тыйым салынған экстремистік топтардың 25 мүшесі ұсталды. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың 42 мүшесі қамауға алынды. Негізінен жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардың көбі 35 жасқа дейінгі жастар.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Қаңтар оқиғасының нақты жоспарланған ауыр қылмыс екенін дәлелдейтін фактілер жеткілікті, айтылды. Қаңтарды ұйымдастырушылардың көздегені қан төгіспен болсын, қандай да жолмен болсын, билікті басып алу еді. Бұл ашығын айтқанда тәуелсіздікке жасалған қастандық болатын. Бірақ халқымыздың ақыл-парасатымен бірлігінің арқасында, Президентіміздің ерік-жігерінің арқасында біз мемлекеттігімізді сақтап қалдық. Ең бастысы елдің туы жығылған жоқ.