Шетелдік автокөліктерді заңдастыру «Электрондық үкімет» порталы арқылы жүргізіледі
Өлшемшарттар бойынша көлік иесі - 4 құжатты ұсынуы керек. Ол өтініш, өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат және көлік құралының паспорты немесе тіркеу куәлігі. Тізімде меншік құқығын растайтын құжат та бар. Ішкі істер министрлігінің айтуынша, көліктің елге былтыр 1 қыркүйекке дейін әкелінгені, іздеуде бар-жоғы, кедендік тазартудан өтуі, соңғы тіркелген жері бойынша есептен шыққаны тексеріледі. Мамандар бұл процесске 2 күн уақыт кететінін айтады. Тексеру таза деп тапса, арнайы алым алынып, мемлекеттік нөмір беріледі.
Қайсар Сұлтанбаев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
- Сонымен қатар шетелдік автокөліктерді осы кездегі заңдастыру жұмыстары бір реттік акция екенін ескерткім келеді. Бұдан былай Қазақстан азаматтары шетелдік есепке алынған автокөліктерді сатып алғаннан кейін оларды Қазақстан Республикасында уақтылы тіркеу туралы талаптарды сақтауы қажет. 10 жұмыс күні ішінде тіркеп отыру керек.