Қазақ-Өзбек шекарасындағы тағы екі өткізу бекеті уақытша жабылды
Бұған қайта жаңарту жұмыстары себеп. Ресми мәліметке сай, «Қазығұрт» пен «Атамекен» өткізу бекеттерінің жұмысы шектеледі. Жөндеу аяқталғанша, бұл бекеттердің қызметін азаматтар мен автобустар пайдалана алмайды. Тек жүк көліктеріне өтуге рұқсат. Әзірге жаңғыртудың қашан аяқталатыны белгісіз. Оған дейін азаматтар шекарадағы басқа 4 өткізу бекетін пайдалана алады. Еске салайық, бұған дейін қазақ-өзбек шекарасындағы «Қапланбек» пункті де күрделі жөндеуге байланысты келер жылға дейін жабылған еді.
Айнұр Сартаева, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:
- Қазіргі уақытта Мемлекеттік кірістер комитетімен 9 автокөлік өткізу пункттерін техникалық жаңғырту жұмыстарды жүргізілуде. Қазақстан-өзбек шекарасындағы «Қазығұрт» және «Атамекен» автомобиль өткізу пунктерінде жаңғыртуды жүргізу кезінде жеке тұлғалардың шекараны кесіп өтуі барысында олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және толыққанды бақылау үшін 2023 жылдың 15 ақпанынан бастап жеке тұлғаларды, жеңіл көліктерді, автобустар мен 3,5 тоннаға дейін жүк көтеретін автокөлік құралдарының өткізілуіне уақытша тыйым салынады. Осыған орай, «Атамекен», «Қазығұрт» өткізу пункттері арқылы жаңғырту аяқталғанға дейін тек жүк автокөлік құралдары өткізіледі.
Осы кезеңде «Б.Қонысбаев» - «Яллама» өткізу пункттерінен жеке тұлғалар, жеңіл автокөліктер, автобустар және 3,5 тоннаға дейін жүк көтеретін автокөлік құралдары өткізіледі. «Жібек жолы»– «Гишт куприк» өткізу пункттерінен жеке тұлғалар, жеңіл автокөліктер, автобустар өткізіледі. «Сырдарья» – «Малик» және «Целинный» – «Околтын» өткізу пункттері арқылы жеңіл автокөлік құралдары, жеке тұлғалар ғана өткізіледі. Жаңғырту жұмыстары жобамен 2024 жылдың 4 тоқсанында аяқталады деп жоспарлануда.