«Ауыл» партия өкілдері электротехникалық зауытқа барды
«Ауыл» партиясының өкілдері сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырып жатыр. Саяси ұйым атынан депутаттыққа ұсынылған кандидаттар елордадағы электротехникалық зауытқа барды. Ұжымымен кездесіп, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Саяси бірлестік өкілдері кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен және өндіріс орнындағы еңбек жағдайымен танысты. Кәсіпорын еңбеккерлері өздерін мазалаған сауалдарын қойып, көкейдегі түйткілдерін айтты. Партия өкілдері қордаланған мәселелердің шешу жолдарын талқылады.
Ал саяси ұйымның өңірлерді аралап жүрген жұмыс тобы Шығыс Қазақстан облысындағы жылыжайға ат басын бұрды. Көмір жылуымен өсірілетін лимон, банан және ананас бақтарын көріп, баптаушыларымен әңгімелесті. «Мәселен, лимон бағынан жылына 10 тонна өнім шығады», — дейді кешен жұмыскерлері. Сайлауалды үгіт-насихат жүргізушілер жылыжай мамандарына партияның тұғырнамасын таныстырып, саяси науқанның жай-жапсарына тоқталды. Мұнан соң, «Ауыл» партиясының өкілдері науқан барысын еліміздің солтүстік аймағында жалғастырмақ. Бұған дейін саяси ұйымның белсенділері Алматы қаласына, Жамбыл және Абай облыстарына барған болатын.