Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында 12 451 кандидат бақ сынайды
Ақпан да аяқталып қалды. Әдетте бұл айда ат құлағы көрінбейтін борандар соғатын. Көнекөз қариялар табиғаттың бұл мінезін «бөрі сырғақ» деп атайды. Табиғаттың осындай тосын мінезі Батыс Қазақстан облысындағы тікұшақ апатының бір себебі болуы мүмкін. Айта кетсек, 23 ақпан күні Орал қаласының маңында Ми-8 тікұшағы апатты жағдайда қонып, «ҚазӘуеҚұтқару» мекемесінің төрт қызметкері опат болды. Әрқайсының әуе-құтқару саласындағы жұмыс тәжірибесі 30 жылдан асатын білікті мамандар еді. «Арнайы комиссия құрылып, апат себебі анықталып жатыр», — деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі. «ҚазӘуеҚұтқару» мекемесі марқұмдардың отбасына өтемақы төлейді. Мұны баса айтуымыздың мәні бар. Себебі жұмысшы құқығы мен еңбек дауына арнайы тоқталамыз. Алдымен сайлау аламаны қарсаңындағы үгіт-насихат жөнінде аз-кем ақпарат.
Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында барлығы 12 мың 451 кандидат бақ сынайды. Соның ішінде Мәжіліске 7 партия атынан 281, мажоритарлық жүйемен 435 кандидат ұсынылды. Сонда бір мандатқа 15 адамнан келеді екен.
Енді рет-ретімен тоқталайық. Осы аптада «AMANAT» партиясының мүшелері Түркістан өлкесінің зиялы қауымымен және Кентау қаласындағы жылу-электр орталығының ұжымымен кездесті. Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында болып, жергілікті мәселелерге жете үңілсе, елордада әйелдер форумын өткізді.
Ал «Ауыл» партиясының өкілдері Жамбыл облысындағы өндірістерді аралап, тұрғындардың базынасын тыңдады. Абай облысына да ат басын бұрып, семейліктердің сайлауға деген көзқарасын білді, оларға саяси науқанның маңызын түсіндірді.
Respublica партиясының сайлауалды штаб мүшелері Жетісу өңіріне жол жүріп, білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы мәселелермен танысты. Республикалықтар бұдан бөлек, Алматы, Астана, Тараз, Шымкент қалаларын аралап, 30 мыңнан астам халықтың мұң-мұқтажын тыңдап қайтты.
Қазақстан Халық партиясы Астанада Аналар құрылтайын өткізіп, көпбалалы және ерекше қамқорлықтағы бала тәрбиелейтін отбасыларға мемлекеттік қолдау туралы айтты. Бұған қоса, Қарағанды облысында болып, кеншілер мен кәсіпкерлердің көкейкесті мәселелеріне құлақ түрді.
«Байтақ» жасылдар партиясының мүшелері болса, Атырау өңіріндегі қалдықтарды жинау, өңдеумен айналысатын кәсіпорын ұжымымен кездесіп, экологиялық проблемаларды қаузады. Түркістан жұртшылығымен де жүздесіп, ауылдағы ағайынды алаңдатқан түйткілдерді талқылады.
Ал «Ақ жол» партиясының кандидаттары «Астана Су Арнасы» мекемесінің қызметкерлерін мазалаған сауалдарға жауап берді. Ақжолдықтар Алматы, Қызылорда облыстарының жұртшылығымен жолығып, өңірлердегі бизнесті дамыту жолдарын пысықтады.
Үгіт-насихат жұмыстарын Қарағанды облысынан бастаған Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері жергілікті халықпен тілдесті. Партиялықтар елорда жастарымен және Көкшетауда ауыл шаруашылығы, өндіріс салаларының еңбеккерлерімен кездесіп, сайлауда белсенді болуға шақырды.