«AMANAT» сайлауалды штабы мұнайшылармен кездесті
«AMANAT» сайлауалды штабы Атырау облысындағы тұрғындармен кездесті. Партиялықтар мұнайшылармен, кәсіпорын қызметкерлерімен кездесіп, шалғайдағы елді мекендерді аралады. Атап айтсақ, Мақат ауданының Доссор кентінде мұнайшылармен және сала ардагерлерімен кездесу өтті. Бұдан соң аманаттықтар Жылыой ауданының жұртшылығымен сайлауалды бағдарламасын талқылады. Штаб мүшелері тұрғындармен коммуналдық, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту және экологиялық жағдайды жақсарту туралы пікір алмасты. Сонымен қатар мұнай сервисі саласының кәсіпкерлерімен кездесу өтті. Онда отандық мамандарды даярлау, қазақстандық тасымалдаушылардың жай-күйі және басқа да мәселелер көтерілді. Сондай-ақ «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Құлсары қаласындағы тұрғындардың баспана жағдайымен танысты. Қазіргі уақытта қалада 130-ға жуық үйдің тозығы жеткен, олардың арасында апаттық жағдайдағы үйлер де бар.