Елімізде мыңнан астам мектеп полицияның Жедел басқару орталығына қосылмаған
Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Дегенмен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2020 жылмен салыстырғанда бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз етілген білім беру ұйымдарының саны 2,5 есеге, ал лицензияланған күзеті бар білім ошақтары 7 есеге артқанын айтады. Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов болса, білім беру нысандарын терроризмге қарсы қорғау жөніндегі арнайы нұсқаулық бекітілгенін жеткізді. Соған сәйкес 300-ге дейін оқушысы бар мекемелерде бейнебақылау және құлақтандыру жүйелері болуы тиіс. 700 орындық мектептердегі бейнебақылау жүйесі жедел басқару орталығына қосылуы керек. Ал бала саны 700-ден асатын барлық мектептерде турникеттер мен лицензиясы бар күзет енгізілуі шарт. Үкімет басшысы осы тұста білім ошақтарының көбі арнайы күзет қызметімен қамтылмаған Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдерін сынға алды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Ата-ана мектептегі баласының жағдайы мен қауіпсіздігі үшін алаңдамауы қажет. Атқарылған шараларға қарамастан өңірде проблемалар әлі де жеткілікті. Күзетте көбіне арнайы дайындықтан өтпеген адамдар тартылады. Осы мәселелердің барлығын шешу керек. Өйткені бұл балаларымыздың қауіпсіздігі. Өңір әкімдіктері осы жылдың 1 сәуіріне дейін қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау жұмыстарын аяқтауы қажет.