Respublica партиясы кеншілермен пікір алмасты
Өңірлерде өндіріс саласына мамандар жетіспейді. Бұл туралы Respublica партиясы Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапарында талқылады. Әсіресе жастар үлесінің аздығы — алаңдататын мәселе. Партия өкілдері Қарағанды қаласындағы бірнеше өндіріс орындарын аралап, жұмысшылармен кездесті. Кездесу барысында маман тапшылығы мен қауіпсіздікке қатысты бірқатар тақырыптар көтерілді. Жұмысшылар қауіпсіздікке байланысты сауалдарын қойып, пікір алмасты. Сондай-ақ партия өкілдері өңірдегі тігін фабрикаларының біріне тоқтап, жұмыс барысымен танысты. Мұнда әлеуметтік жағдайды жақсарту жайында әңгіме өрбіді. Кейін металл өңдеу зауытына барып, қала экологиясы туралы талқылады. Кеншілерді алаңдататын сұрақтарға жауап беріп, өз тәжірбиелерімен бөлісті.
Айдарбек Қожаназаров, Respublica партиясының төрағасы:
-Барлығымыз да өндіруші кәсіпкерлерміз, қарапайым жұмысшылардың мәселелері мен сұрақтарын жақсы түсінеміз. Өміріміз өндіріске тікелей байланысты болғандықтан жұмысшылардың барлық қиындықтарын, өмірлерінде кездесетін кедергілер мен үміттерін де түсінеміз. Аталған сұрақтар біздің жіті бақылауымызда.