Хабар телеарнасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей және Қытай елшілерін қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей және Қытай елшілерін қабылдады

Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының елшісі Алексей Бородавкинмен әңгімелесу барысында Президент Владимир Путиннің  Қазақстанға алдағы сапарының, сондай-ақ биыл күзде Қостанайда өтетін XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізудің маңыздылығын атап өтті.

Бұдан бөлек, Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің қазіргі жай-күйі мен перспективалары талқыланды.

Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Чжан Сяомен кездесуде биыл мамыр айында Сиань қаласында өтетін «Орталық Азия + Қытай» саммитінің және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға жоспарланған мемлекеттік сапарының өзектілігі сөз болды.

Сондай-ақ екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту, экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту маңызды екеніне назар аударылды. 

Мемлекет басшысы Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің Украинаға қатысты жағдайды саяси тұрғыда реттеу жөніндегі бітімгершілік әрекетіне жоғары баға берді.

Дереккөз: Akorda.kz