Сайлауды электронды форматта өткізу мүмкін бе?
Бұл сұрақ Үкімет үйінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министріне қойылды. Бағдат Мусиннің айтуынша, егер сайлауды қашықтан өткізетін болсақ, онда кімнің кімге дауыс бергені белгілі болады. Ал заң бойынша бұл анонимді үдеріс. Бүгінде жасырын дауыс беруді қамтамасыз ететін арнайы бағдарламалар жоқ. «Дамыған елдердің бәрі дауысты қалыптасқан дәстүрлі әдіспен беріп жүр», - деді сала басшысы.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Электронды түрде дауыс берсек, ертең халықаралық қауымдастыққа, байқаушыларға біз сайлаудың әділ өткенін, дауыстарды санау кезінде қателікке бой алдырмағанымызды, жасырын дауыс беру тәртібінің сақталғанын қалай дәлелдейміз? Менің ойымша, алдағы 1-2 жылда мұндай мүмкіндікті жасауға болады. Ол үшін байқаушылар да сәйкесінше электронды бағдарламаны түсіне алатын ІТ саласының мамандары болуы тиіс.