Президенттің былтырғы Жолдауынан соң елімізде не өзгерді?
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин былтырдан бері болған бес өзгерісті атады. Тізбектесек, біріншіден, 1995 жылдан бері алғаш рет жалпыұлттық рефендум өтті. Ата Заңдағы тоғыз тараудың сегізіне, 98 баптың 33-іне түзету енгізілді. Екіншіден, жаңа саяси реформалар қолға алынды. Енді Президент 7 жылдық мерзімге бір рет қана сайланады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы саяси партияның мүшесі бола алмайды. Үшіншіден, Президент және Сенат депутаттарының сайлауы өтті. Төртіншіден, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымы өзгеріп, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары пайда болды. Бесіншіден, мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы байланыстың дәлелі ретінде ұлт ұясы Ұлытауда Ұлттық құрылтай ұйымдастырылды.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
-Былтыр 16 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді саяси жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын ұсынды. Содан бергі бір жылға жетпейтін уақытта бұрын-соңды Қазақстанда болмаған кең көлемді өзгеріс жасалды. Ең бастысы, Президенттің бастамасымен іске асқан саяси реформалар ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту үдерісіне тың серпін берді. Сондай-ақ азаматтардың белсенділігін арттыруға және олардың елімізді жан-жақты дамыту ісіне атсалысуына жол ашты.