Түркістан облысында сайлаушылардың белсенділігі байқалады. LIVE
Түркістан облысы — еліміздегі сайлаушылары ең көп өңір. Мұндағы 941 сайлау учаскесі таңғы 7-ден өз жұмысын бастады. Дәл қазір соның бірінен тілшіміз Жандос Жұмабек бізбен тікелей байланысқа шығып тұр.
Жандос Жұмабек, тілші:
-Біз қазір Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде орналасқан №133 сайлау учаскесінде тұрмыз. Мұнда тіркелген сайлаушылардың саны 2381-ді құрайды. Таңнан бері дауыс беру үшін мұнда келіп жатқан кісі қарасы қалың.
Олардың арасында өмірінде алғаш рет дауыс беріп отырған 1-курс студенттері, ардагерлер мен зиялы қауым, мұғалімдер мен дәрігерлер, полиция қызметкерлері мен әскерилер, көпбалалы отбасылар мен этно-мәдени бірлестік өкілдері және қала тұрғындары бар. Халық бұл сайлаудың өзгеше екені айтуда. Себебі барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңадан сайланады. Оның үстіне Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат сайлауы бірге өткізілуде. Облыста сайлауға 1131 кандидат түсіп жатыр. Олардың 19-ы Мәжіліс депутаттығына үміткер. Партиялық тізім бойынша 6 партиядан 79 адам тіркелген. Ұсынылған кандидаттардың 1007-сі – ер, 124-і – әйел адам. Ең жасы 21-де болса, ең үлкені – 70-жаста. Жалпы облыс бойынша тіркелген сайлаушылардың жалпы саны 1 млн 168 мыңнан асады.
Түркістан облысында 941 сайлау учаскесі бар. Олардың барлығында сайлаушылардың дауыс беруіне толық жағдай жасалған. Ал сайлаудың әділ, әрі заң шеңберінде өтуін үміткерлердің сенімді өкілдері мен байқаушылар мұқият қадағалап отыр. Олардың арасында халықаралық байқаушылар да бар.