Биыл жылу желілерін жөндеуге 70 млрд теңге жуық ақша бөлінді
Өткен қыс коммуналдық саладағы осал тұсымызды көрсетіп берді. Жылу электр орталықтары мен атқарушы билік одан сабақ алуы керек. Биыл елімізде жылу маусымына дайындық ерте басталады. Премьер-министр: «Бұл мәселе өзімнің жеке бақылауымда болады»,–деді. Үкімет отырысында тағы не айтылды?
Бүгінде еліміз бойынша жылу желілерінің жалпы ұзындығы 14 мың шақырым шамасында. Құбырлардың тең жартысынан астамы ескі. Биыл тозығы жеткен жылу желілерін ауыстыруға 70 млрд теңгеге жуық ақша бөлініп отыр. Нәтижесінде 107 шақырым құбыр ауыстыралды.
Иә, қысы қатты өңірлер үшін бұл дабыл қағатындай жағдай. Оның бәрін ауыстыруға атқарушы билік қауқарсыз. Сондықтан алдағы алты жылда жылу желілерінің тозу деңгейін бар-жоғы 43% төмендетуді көздеп отыр.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Өткен қыс мезгілі жылу энергетикасындағы көптеген проблеманың бетін ашып берді. Мұның барлығы әкімдіктердің көп жылдар бойы жылыту маусымына немқұрайлы қарап келгендігінің салдары. Екібастұз, Рудный және Риддер қалаларында жағдай өте күрделі болды.
Рас, жағдай өте қиын болды. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, Риддер қаласының жылу желілеріндегі температура режимі 133 рет бұзылған. Бұл әрине республикадағы антирекорд. Екібастұзда да осыған ұқсас жағдай болды.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Былтырғы жылы қарашасында Екібастұз қаласының жылу желілерінде көптеген зақымдар орын алды. Температура кестесі 94 рет бұзылғанын атап өтеміз. «Екібастұзжылуэнерго» мекемесіне әкімшілік жаза қолданылды.
Қолданылған әкімшілік жаза көлемін халыққа келтірілген залалмен салыстыруға келмейді әлбетте. Десе де бұдан өзге коммуналдық мекемелер сабақ алса игі. Айта кетейік, биыл жылу маусымына дайындық ерте басталады. 1 маусымға дейін қолданыстағы жылу желілерінің жағдайына техникалық тексеру жүргізіледі.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Энергетика министрлігі өңір әкімдерімен бірлесіп, жоспарланған іс-шаралардың толықтай іске асырылуын және алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын қамтамасыз етуі тиіс. Туындаған барлық мәселені жылыту маусымына дейін созбай, жедел шешу қажет. Ұсақ-түйек демей, қауіп-қатерлердің барлығын мұқият есептеу керек.
Үкімет басшысының айтуынша, энергиялық бақылау қызметі заңнамалық тұрғыда күшейтіледі. Нәтижесінде оларға жоспардан тыс тексеріс жүргізу құқығы беріледі. Жылу маусымына жауапсыз қараған коммуналдық мекеме басшыларынан энергия нысандары алынатын болады.
Авторлары: Достық Талғатұлы, Азамат Сәметов