М. Әшімбаев екіжақты кездесулер өткізді
Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев ТМД Парламентаралық сессиясының екінші күнінде Қырғыз Республикасы, сонымен қатар Армения мен Әзербайжандағы әріптестерімен жеке кездесулер өткізді. Тараптар дипломатиялық қатынастар орнаған 30 жыл ішінде мемлекетаралық байланыс қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Осы ынтымақтастықты дамыту жайына тоқталып, бірлескен жобалардың жоспарын айқындады. Сұқбаттасушылар елдер арасындағы саяси-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды арттыруға мүдделі екендерін білдірді. Айта кетейік, Сенат cпикері Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ депутат Ресейдің Санкт-Петербор қаласында өтіп жатқан ТМД Парламентаралық Ассамблеясының сессиясына қатысты.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- ТМД елдерінің аумағында сейсмикалық тұрғыдан қауіпті аймақтар аз емес. Біздің елдеріміздің бұл саладағы ғылыми әлеуеті зор. Сондықтан ТМД Парламентаралық Ассамблеясы бұл жұмысты жандандыруда және бірлескен зерттеулер жүргізуде маңызды рөл атқара алады.