Хабар телеарнасы

Семейде Жастар саясаты жөніндегі кеңес отырысы өтті

Семейде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Жиында заңсыз ойын бизнесімен күрес және қазақстандық жастар арасындағы лудомания проблемасы талқыланды. Бейресми мәліметтерге сенсек, 350 мың қазақстандық лудомания дертіне шалдыққан. Ең өкініштісі, он отбасының жетеуі осының кесірінен ажырасады екен. Өткен жылы 3700-ге жуық суицид тіркелсе, соның 20% лудомандарға тиесілі. Ал букмекерлік кеңселердің қызметін бақылау жағы көңіл көншітпейді. Өйткені, заңды тіркелген букмекерлік кеңселердің 95% шетелдікі. Олардың табысынан түсетін салықтың да қайда кетіп жатқаны беймәлім. Сондықтан Ерлан Қарин мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттар бірлесіп әрекет еткенде ғана лудоманиямен күрестің тиімді жүзеге асатынын атап өтті.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі: 
- 2020 жылы казино, букмекер осылардың қаржылық айналымы 80 млрд болатын болса, екі жылдан кейін 500 млрд-қа жетті. Сонда қанша есеге артып отыр. «Есірткісіз болашақ» корпоративтік қоры 17-25 жас аралығындағы қазақстандықтар бұл қадамға не үшін барғаны жайында сұрап, сауалнама жүргізген. Сонда сауалнама қатысқандардың 69-70% онлайн казино, букмекерлік кеңселердің алдындағы қарызды өтей алмағандықтан суицид жасауға шешім қабылдағандықтарын айтқан.

Сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші қазақстандық жастардың өзекті проблемаларын тиімді шешу үшін жастар саясаты саласының күн тәртібін қалыптастыруға және оны белсенді іске асыруға шақырды. Жұмыс кездесуінің қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың жұртшылықты ақпараттық-профилактикалық жұмысқа тарту барысында қолданатын нақты ұсынымдары әзірленді.