Астана экономикалық форумның алаңы кеңейді
Астана экономикалық форумының алаңы кеңейді. Яғни халықаралық деңгейге өтті. Енді бұл ортада әлемге қауіп төндіріп тұрған проблемалар талқыланады. Мемлекет басшысының қатысуымен өткен пленарлық отырыстан соң негізгі жоспарланған панельді сессиялар басталды. Көзделген мақсат бір – күрделі кезеңдерді ынтымақтастықтың арқасында жеңіп, әл-ауқаттылыққа бірге жету. Әрине, сан саланың майталмандары өзекті тақырыптарды қызу талқылауға да кірісіп кетті.
Нұрлан Әбдікәрім, тілші:
- 70 елден келген 1000-нан астам қонақ, 100-ден астам спикер мен сарапшы елорда төріндегі Конгресс орталығында бас қосып отыр. Олар үлкен алаңды пайдаланып, әлемдегі климаттың өзгеруін, экономикалық дағдарыс, энергетикалық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді қарастырады, пікір таластырады, диалог құрады, ынтымақтастықты күшейтеді. Астана халықаралық форумының маңыздылығы да осында.
40-қа жуық панельді отырыстар мен конференциялардың ұйымдастырылуы форумның ауқымын көрсетеді. Негізгі 4 бағыт бекітілген. Бірі - өркендеу және тұрақтылық. Бұл тұрғыда ең алдымен медицинадағы даму мәселесі қаралды. Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закария қонақтарға бес платформалы вакцина жайлы айтып берді.
Күнсұлу Закария, Ұлттық ғылым академиясының президенті:
- Шекарамыздың бәрі жабық болды. Заңнамада әртүрлі кедергілерге тап болдық. Соған қарамай Президенттің қолдауымен толық циклды завод салынды. Біз 6000-ға жуық вакцина шығардық. Қазақстанмен қоса Қырғыз елі де вакцинация және ревакцинациядан өтті.
Ғалымдарымыздың ерлігіне алғыс айтқан халықаралық сарапшылар өткен пандемия сабақ болуы керек деген пікірде. «Ковидтің дендеуі бәсеңдегенімен арқаны кеңге жаюға болмайды. Өйткені алда мүлде вируссыз өмір сүреміз дегенге ешкім кепілдік бере алмайды»,– дейді. Бұл тұрғыда жаңа технологияларды қолданудың маңыздылығын ескеру қажет. Жазатайым қауіпті вирустар пайда бола қалса, тағы да адам өмірі мен экономикаға әсер етуі мүмкін. Бұл енді күн тәртібіндегі екінші тақырып.
Кэндит Машего-Дламини, Оңтүстік Африка Республикасының Сыртқы істер жөніндегі вице-министрі:
- Пандемиядан кейін соңғы екі жылда дерлік барлық мемлекеттерде экономикалық өсім төмендеді. Сондықтан біз осы әлемдік проблеманың қалай шешуге болатынын сараптап, жолдарын қарастыру үшін осында келдік.
Иә, ол үшін мемлекеттер арасындағы экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі нығаюы керек. Тиісінше форум аясында Қазақстан бірқатар елмен инвестициялық келісімшарттарға қол қояды. Тиісті министрліктің айтуынша, жылына 25-30 млрд инвестиция тарту көзделеді.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Экономиканың өсуі – биылға мақсатымыз 4%. Өздеріңіз көргендей, жылдың басынан бергі 4 айда 5% көрсетіп тұр. Осы 5% жыл соңына дейін минимум таргет мақсатында қойып жатырмыз. Әрине, сын-қатерлер бар. Сын-қатерлерді шешуге де тырысамыз.
Нұрлан Әбдікәрім, тілші:
- Ұйымдастыру жағына келер болсақ, мұндағы қызметтердің көбісін роботтар орындайды. Мәселен, мына робот даяшы қызметінде. Бұлар арнайы қойылған. Өйткені жасанды интеллект – форумның басты тақырыптарының бірі.
Тиісінше Халықаралық бизнесті дамыту жөніндегі компанияның директоры жасанды интеллектке қызығушылық танытатынын айтады.
Сергей Шошков, Халықаралық бизнесті дамыту жөніндегі компанияның директоры:
- Адамның қолымен жасалатын қызметтердің жеңілдеуіне көпшіліктің көзқарастары дұрыс. Мүмкін біз де алдағы уақытта осы бағытта жұмыс істейміз. Бірақ менің бағытым әзірге геология және энергетика. Осы бойынша айтар болсақ, әсіресе мұнай өндіру бойынша Қазақстанның әлеуеті өте жоғары. Мұндағы ресурстар меніңше әлі 50 жылға жетеді.
Маман Қазақстанның алда баламалы энергия көздерін жеткізетін орталыққа айналуы да мүмкін екенін айтады. Өйткені еліміздің орналасқан географиялық жағдайы жақсы.
Айта кетейік, сарапшылар транспорттық қызмет көрсету және бизнесте кездесуі мүмкін сын-қатерлер жайын да қозғады. Астана халықаралық форумы екі күнге созылатынын айттық. Цифрландырудың рөлі және жасыл экономикаға көшу, геосаяси шиеленістер секілді тақырыпта сессиялар жоспарланған.
Авторлары: Нұрлан Әбдікәрім Дәурен Жұрхабаев