Тоқаев орман өртінің өршуіне себеп болған негізгі қателіктерді атады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысында болып қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан азаматтардың отбасы мүшелеріне көңіл айтты. Табиғат апатының ауқымын бағамдап, жауаптылардың есебін тыңдады. Ал Бас прокуратураға уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардың іс-әрекетіне нақты баға беру тапсырылды.
Президент Абай облысына барған бойда төтенше жағдайдың зардабын бағамдау үшін өрт болып жатқан аумақты тікұшақпен аралап шықты. Өңірде 60 мың гектар жасыл желек өртке оранған. Зардаптың осынша ауқымды болуы жауапсыздықтың салдары.
Президенттің сұрағына Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр Марат Күлдіков жөнді жауап бере алмады. Вице-министрдің баяндамасын Мемлекет басшысы тыңдағысы да келмеді.
Отабасылар балаларынан, асырушысынан айырылды.
Мемлекет басшысы барлық жауаптыларды қатаң сынға алды. Көп ескерту жасалды. Ал Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін Президент сөгіс жариялады. Себебі ол өрт болған жерге уақытында бармаған.
Былтырғы Қостанайдағы оқиғадан қорытынды шығарып, алдын-алу жұмыстары атқарылмаған. Оның үстіне құзырлы органдардың дайындық деңгейі төмен. Осының кесірінен қайғылы жағдай қайталанып отыр.
Айтпақшы, Бас прокуратураға қозғалған қылмыстық іс аясында уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардың іс-әрекетіне нақты баға беру тапсырылды. Жалпы сала жұмысын үлкен өзгеріс күтуде. Жаңа министрге сапалы мамандар тобын құру тапсырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өз ісін білетіндерді жинаңыз.
Орталық және жергілікті атқарушы органдардың төтенше жағдайларға дайындығы 70%. Үкіметке бұл көрсеткішті апатқа төтеп беретін деңгейге жеткізу жүктелді. Мұндай қайғылы оқиғаларды болдыртпас үшін енді қызыл жалын ошақтарын ерте анықтайтын бейнебақылау және мониторинг жүйелерін енгізу керек. Орман алқабын әуеден бақылау үшін «ұшқышсыз ұшатын аппараттарды» да қолдану қажет. Сонымен қатар еріктілер отрядтарын құрып, оларды құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету көзделуде.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы