Парламент жазғы демалысқа кетті
Осылайша сегізінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясы ресми түрде жабылды. Қос палатаның бірлескен отырысына Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Үкімет басшысы Әлихан Смайылов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен Үкімет мүшелері қатысты. Ал көктемде ғана жаңадан сайланған мәжілісмендер несімен есте қалды? Қандай іс атқарды?
Мәжіліс қабырғасында абыр-сабыр. Бұл жиынның әдеттегі отырыстардан ерекше екені депутаттардың көңіл-күйінен сезіліп тұр. Наурызда ғана іске кіріскен мәжілісмендер алғашқы сессияны артқа тастады. Жалпы аталған кезең небәрі 100 күнге созылды. Жұмысты қорытындылаған Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, бұл сессия қысқа болғанымен, атқарылған істер маңызды әрі мазмұнды болғанын айтады.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
-Бұл сессия барысында Палаталардың 3 бірлескен отырысы болды. Сенаттың 12 және Мәжілістің 15 жалпы отырысы өтті. Онда 120-дан астам мәселе қаралды. Парламенттің қарауында 82 заң жобасы болды, соның ішінде 25 заң қабылданып, 13 заңға Президент қол қойды. Қазіргі сайланымның басты ерекшелігі – көптеген маңызды заң жобаларының депутаттардың бастамасымен әзірленуі.
Олардың ішінде заңсыз активтерді қайтару, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын реттеу және онлайн жарнама секілді заң жобалары халықтың қызу талқысына түсті. Одан қалды «Парламенттің биыл жол ережесіне самокаттарға қатысты өзгерістер енгізгені де ел есінде ерекше қалды. Мұның бәрі депутаттардың жаңа құрамына тікелей байланысты», — дейді Мәжіліс төрағасы.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
-Бұл жолғы сайланым Қазақстан тарихындағы ең көп партиялы Парламент болып отыр. Мәжіліс түрлі көзқарастар мен саяси күштер тоғысқан алаңға айналды. Халық қалаулыларының жаңа толқыны келді. Сонымен қатар әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар адамдардың және жастардың қатары көбейді. Сегізінші сайланымды басқа шақырылымдарға қарағанда ең жас Парламент деп айтуға болады. Жасы әлі 35-ке толмаған 13 депутат Қазақстан жастары атынан өкілдік етуде.
Бірақ сол жас депутаттардың кейбірі сайланаса сала біраз сынға ілікті. Бірін халық өте жас деп сынаса, енді біріне танымалдығымен ғана таңдай қақтыра алады деп тиісті. Ал бұған тәжірибелі әріптестері не дейді?
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Біздің де құрамымызда жас депутаттар бар. Дайын саясаткерлер, дайын білімді депутаттар қайдан шығады? Жалпы дайын мамандар қайдан шығады? Егер біз жастарды өзіміз тәрбиелемесек? Мінез болу керек. Әлихан Бөкейханов айтқандай, «халыққа қызмет ету – білімнен емес, мінезден». Бар ма екен сондай мінезді жастар?.
«Жастардың өздері де жәй жүрген жоқпыз», — дейді. Айтуларынша, түрлі заң жобаларының жұмыс тобына толыққанды қатысып, маңызды мәселелерді көтеріп келеді. Нәтижесі де жоқ емес.
Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-32 жылда Заң жобасы бірінші кезекте орыс тілінде жазылып келген. Сосын барып, қазақ тіліне аударылған. Бірақ енді біздің бастамамызбен келесі жылдан бастап Заң жобасы бірінші қазақ тілінде жазылатын болды. Бұл енді үлкен қуаныш деп те айтуға болады. Бірақ бір жағынан өзімізге де сын. Осы уақытқа дейін Тәуелсіз Қазақстанда заңның бәрі бірінші орыс тілінде жазылып келген.
Бұл жиында Мәжіліс төрағасы Үкіметтің кейбір ісіне көңілі толмайтынын жеткізді. Мәселен, қоғамдағы проблемалардың шешімін табу үшін тиісті заң жобаларын уақтылы ұсынбайды. Одан қалды отырысқа келетін министрлердің дайындығы нашар.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Жалпы Үкімет пен Мәжілістің үйлесімді жұмысы бар. Осы мәселені бірінші айтуымыз керек. Бірақ екіншіден, әрине, кемшіліктер де бар. Ол біріншіден, біздің депутаттық сауалдардың жауабының сын көтермейтін сапасы. Екіншіден, біздің депутаттардың өздерінің дайындап, бастамашылық еткен заңдарға Үкіметтің дайындаған қорытындысы бойынша.
Осы тұста айта кету керек, қос палата депутаттары көктемнен бері мемлекеттік органдарға 300-ден астам депутаттық сауал жолдапты. Ал халық қалаулыларының атына шамамен тұрғындардан 7 мыңға жуық хат келген.
Осымен 8 шақырылымның 1-сессиясы өз мәресіне жетті. Енді депутаттар аймақтарға аттанады. Онда тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, келесі сессияға қамданады.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Әлібек Әлиев