5 жасар қыздың өлімі: Президент оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды
Мемлекет басшысы Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Президент биыл шығарылған сот үкімінің заңдылығын қарастыру және адамға қатысты аса қауіпті қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту маңызды деп санайды. «Баланың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз», - делінген хабарламада.
13 шілдеде Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын кәмелетке толмаған қызының жоғалып кеткені туралы арыз жазған еді. Түркістан облысы полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері ауыл тұрғындарының бірінің үйінен дене жарақаты бар қыз баланың денесін тапты. Бұл факт Қылмыстық кодекстің 99-бабы Адам өлтіру бойынша тіркелген. Күдікті Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, қамауға алынды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, ресми ақпаратқа сай күдікті бұған дейін кісі өлтіргені үшін сотталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Биыл оған адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылға бас бостандығын шектеу жөнінде үкім шығарылған.
Ақерке Шалхарова, ТО ПД Тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі:
- Оқиға орнына Түркістан облысы ПД бастығы, облыс прокуроры, жедел тергеу тобы, құзырлы органдар барды. Тергеу барысы Түркістан облысы ПД басшылығының жіті бақылауында.