Қазақ-тәжік ынтымақтастығы артып келеді
Қазақстан мен Тәжікстанның стратегиялық ынтымақтастығы жылдан жылға бекіп келеді. Былтыр екі ел арасындағы алыс-берісі 1,5 млрд доллар болған. Қазақстан тәжік ағайындар үшін Ресейден кейінгі ірі серіктесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тәжікстандық әріптесі Эмомали Рахмонмен бұған дейінгі халықаралық саммиттерде кездесіп, талай мәселелерді талқылады.
Климаттың өзгеруі, Орталық Азиядағы су саясаты, сауда-саттық пен көлік-логистика да назардан тыс қалмап еді. Енді қыркүйек айында Душанбеде Орталық Азия көшбасшыларының бесінші консультативтік кездесуін өткізеді. Елордадағы басқосу маңызды. «Сол жиынға алдын-ала дайындық іспеттес болмақ»,- дейді саясаттанушылар.
Аман Мәмбеталиев, саясаттанушы:
- Егер тауарлар шығыстан батысқа, батыстан шығысқа, солтүстіктен оңтүстікке жүрсе, онда қауіпсіздік ең маңызды мәселе боп тұр. Сол мәселені шешу үшін Қазақстан мен Тәжікстан біраз жұмыс жүретіні нақты белгілі болып тұр. Себебі осы соңғы саммиттегі соңғы жылдары Қазақстан мен Тәжікстан мемлекеттерінің және Қазақстанның басқа да мемлекеттермен тең қарым-қатынастар бойынша жоғары деңгейдегі кездесулер жиі болып жатыр.
Астанада Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы мәдениет күндерін атап өту басталды. Әйгілі Фердоусидің «Шахнамэ» эпопеясы мотивімен түсірілген «Рустам мен Сухроб» фильмінің көрсетілімі болды. Қазір екі елдің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығы айырықша даму үстінде.
Еске сала кетсек, алғаш рет 2008 жылы Душанбе қаласында Қазақстанның мәдениет күні аталып өткен болатын. Содан бері мұндай шараларды қос мемлекетте бірдей тойлау дәстүрге айналды. Елордада Қазақстан мен Тәжікстан Мемлекет басшыларының қатысуымен салтанатты концерт өтеді.