Тәжікстан Президенті елімізге жұмыс сапарымен келді
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон жұмыс сапарымен Астанаға келді. Мәртебелі мейманды елорда әуежайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Сапар аясында президенттер жоғары деңгейде екіжақты кездесу өткізіп, Тәжікстанның Қазақстандағы мәдениет күндері аясында өтетін іс-шараларға қатысады деп жоспарланып отыр. Ал қазақ пен тәжік басшысы шағын құрамдағы келіссөздер өткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сізбен елордамызда жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Сіздің сапарыңыз біздің бауырлас елдеріміз арасындағы шынайы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайту тұрғысынан зор маңызға ие. Өзара стратегиялық серіктестік, одақтастық қарым-қатынас туралы айтуға толық негіз бар. Астанадағы тәжік мәдениеті күндерінің ашылуына Сіздің арнайы келуіңіздің өзі көп нәрсені аңғартады. Сіздің сапарыңызды жоғары бағалаймын.
Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының Президенті:
- Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, шақыртуыңызға, ілтипатыңызға, қонақжайлық көрсеткеніңізге көп рақмет! Ең алдымен Сізбен екі ел арасындағы қарым-қатынастың ахуалы мен перспективаларын, сондай-ақ халықаралық және аймақтық мәселелерді талқылағым келеді.