Хабар телеарнасы

Шетел басылымдары Қазақстанға арналған мақалалар жариялады

Елімізде Конституция күні аталып өтіп жатыр. Осы мереке қарсаңында бірқатар шетел басылымы Қазақстанға арналған мақалалар жариялады.

Еліміздің Конституциясы күніне орай бірқатар әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында көлемді мақалалар жарық көрді. Мысалы, Азиядағы құқық мәселелеріне маманданған ASIALAW порталында Конституциялық сот төрағасы Эльвира Азимованың мақаласы жарияланды.

Қазақстанда саяси реформалар жалғасып келеді. Бұл бельгиялық EU Reporter басылымында шыққан мақаланың атауы. Саяси шолушы Ник Пауэлл елімізде демократиялық өзгерістер қалай өтіп жатқанын былай деп баяндайды. 

«30 тамыздағы Конституция күні – Қазақстан халқы және стратегиялық жағынан маңызды осы елге ықыласы бар барлық жұртқа конституциялық өзгерістердің негізгі тұстарын зерделеуге мүмкіндік береді. Өткен жылдың маусым айында өткен референдумда қабылданған реформалар Қазақстанды жаңғыртып, жаңа демократиялық принциптерді бекітті. Парламент пен жергілікті билік органдарының құзыреті мен ықпалы артты. Қазақстан Президенті енді тек бір рет жеті жыл мерзімге сайланатын болды. Бұл Орталық Азияда бұрын-соңды болмаған жағдай». 

Ал француз тілінде шығатын Legavox басылымы референдум нәтижелерін талдады. «Елде азаматтардың құқықтарын нығайтуға бағытталған саяси реформалар өтіп жатыр. Мәжілістің өкілеттілігі кеңейіп, ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. Сондай-ақ халық сенімінен айырылған депутаттардың мандатын қайтарып алу тетігі енгізілді», - деп жазды басылым. 

«Бір жыл өтпей-ақ Қазақстандағы конституциялық реформа елдегі демократияландырудың белгісіне айналды. Демократия – көшпелі дәуірдің тарихи мұрасы. Ғасырлар бойы түрлі рудың өкілдері маңызды шешімдерді бұқара қатысатын ауқымды құрылтайда қабылдап келген. Түп тамырына оралып, Қазақстан ұлы дала кіндігінде бірегей парламенттік демократиялық жүйені біртіндеп құрып жатыр». 

Мақала авторы - Конституциялық соттың құрылуын ерекше атап өтті. Сот төрағасы болып Эльвира Азимова тағайындалды. Ол - халықаралық құқық маманы, бұрын Қазақстанның Адам құқықтары жөнінде уәкілі болған. Жуырда Эльвира Азимова Азиядағы құқық мәселелеріне маманданған ASIALAW порталында мақала жариялады. «Биыл осы мерекенің орны бөлек. Алғаш рет жаңартылған Ата Заңымызбен атап өтіп жатырмыз»,-деп жазды ол. 

«Конституцияның жаңа редакциясы қоғам және мемлекетті жаңғыртуға қажетті құқықтық негізді қалады. Оған саяси реформалар, мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін күшейту және адам құқықтарын қорғау кіреді». 

Азаматтарымыз Конституциялық сотқа тікелей шағымдану құқығына ие болды. Заң үстемдігін қамтамамасыз ету және адам құқықтарын қорғау - дау шешу, бейбітшілік пен қауіпсіздіктің негізі болуы керек. Отандық сарапшыларымыздың мақалалары мен шетелдік басылымдардағы материалдардың мазмұны осыған саяды.

Шетелдік басылымдардың Қазақстан туралы сараптаған жазбалары осындай.