Смайылов AMANAT депутаттарына атқарылған жұмыстар туралы баяндады
Экономиканы дамыту, ауыл шаруашылығы мен өндірісті қолдау, әлеуметтік саясатты жақсарту. Мемлекет басшысының жолдауларында қамтылған осы және өзге міндеттердің қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мәжілістегі AMANAT фракциясының кеңейтілген отырысында баяндады.
Сонымен жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны соңғы 1 жылда 27% өсіп, 1,8 млн құрады. Салада еңбек етушілер қатары 4 млн адамнан асыпты. Ауыл шаруашылығын субсидиялау көлемі 430 млрд теңгеге дейін өскен. Сонымен қатар пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген 8 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды. Мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылған адамдарға берілетін әлеуметтік жәрдемақы 23% артты.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Өңірлермен бірлесіп, халықтың табысын арттыру бағдарламасы шеңберінде жұмыспен қамтудың кешенді жоспары іске асырылуда. 600 мың адам жұмысқа орналастырылды. Олардың жартысы жастар. Ұлттық жоба аясында 655 бастапқы денсаулық сақтау нысаны салынып, 32 ауданаралық аурухана жаңғыртылады. Бұл 4 млн астам ауыл тұрғындарын мамандандырылған медициналық көмекпен қамтуға мүмкіндік береді.