Президент Білім күнімен құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Instagram парақшасында ұстаздар мен оқушыларды Білім күнімен құттықтады. Президент өз құттықтауында өскелең ұрпақ еліміздің ертеңі екеніне тоқталып, мемлекет жас өрендердің сапалы білім, тағылымды тәрбие алуы үшін барлық жағдай жасалатынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Мектептің жаны – мұғалім» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, ұстаздың бала тәрбиесіндегі орны ерекше. Әр оқушының тұлға болып қалыптасуында мұғалімдер маңызды рөл атқарады. Сондықтан біз педагогтерді әрдайым қолдаймыз. Қазақстанның болашағы – білімді ұрпақтың қолында! Олардың оқуда озат болып, қоғамның барлық саласында биік белестерді бағындыруына тілектеспін! Жастарымыз келешекте Отанымызға адал қызмет етіп, оның дамуына үлес қосатынына кәміл сенемін! Білім күні құтты болсын!