Jerusalem Post басылымында Тоқаевтың мақаласы жарияланды
Осы және басқа да шетелдік басылымға әріптесім Ердәулет Байдоллаев шолу жасайды.
Бұл басылымда Мемлекет басшысы әлемдегі геосаяси шиеленістердің артуына алаңдаушылық білдірді. «Ғаламшарға үлкен қауіп төніп тұр. Әңгіме жаһандық ядролық қаруды қолдану қаупі мен болып жатқан тоқтаусыз соғыс жайында болып отыр», деп жазады Президент. Сондай-ақ адамзатқа бейбіт өмір құру үшін жаңа жаһандық қозғалыс қажет екенін атап өтеді. «Ал бұр ретте діни көшбасшылар шешуші рөл атқара алады»,-дейді Мемлекет басшысы.
Дүниежүзіндегі адамдардың шамамен 85% белгілі бір дінді ұстанады. Бұл адам өміріндегі маңызды фактор. Сондықтан діни көшбасшылар жаһандық істерге айтарлықтай ықпал ете алады. Жер бетіндегі барлық дінге ортақ ұстаным – адам құндылығының маңызын арттыру, жойқын бақталастық пен араздықты жою. Сондықтан бұл ұстанымдар жаңа әлемдік жүйенің негізін құра алатынына сенімдімін.
Қазақстан Президенті Жолдауын жариялағалы әлемдік баспасөз беттерінде шетел сарапшылары да жан-жақты пікір білдіріп жатыр. Жуырда бірнеше ақпарат құралында жолдауға арналған мақалалар шықты.
Азиядағы құқық мәселелеріне маманданған Asia Law порталында Ричард Биннстің мақаласы жарық көрді.
Халықаралық деңгейдегі тәжірибелі заңгер Қазақстан Президентінің Жолдауын талдап, оны елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуын бағдарлайтын жан-жақты «Жол картасы» деп атаған. «Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған реформалар әділ қоғам құруға бағытталған»,- дейді.
Заңгерлік тұрғыдан Президент ұсынған реформалар мен бастамалар оң өзгерістерді айғақтап, әділдік, заң үстемдігі және ел басқару ісіне халықты кеңінен қатыстыру қағидадаттарына негізделген.
Ал Modern Diplomacy басылымында экономикалық сарапшы Люк Родехеффер Президент Жолдауы жөнінде өз пікірін білдірді. Қазақстан белсенді түрде шетел инвестицияларын тартып, бүкіл әлемде экономикалық байланыстарын нығайтуға ниетті. Салықтарды цифрландыру мен жеңілдетуге бағытталған реформалар инвесторлар үшін қолайлы орта құрады. Сондай-ақ Қазақстан – Азия мен Еуропа арасында маңызды транзит торабы ретінде халықаралық компанияларды қызықтыратын бағыт. Президент 2029 жылға дейін экономика көлемін екі есе арттырып, жалпы ішкі өнімін 450 млрд долларға жеткізу секілді өр мақсат белгіледі.
Президент жолдауында Қазақстанды әлемдік экономикалық үрдістердің ажырамас бөлігіне айналдыруға көзделген жоспар баяндалды. Ол бизнес-ортаны жеңілдету мен айқындауға бағытталған. Бұл реформалардың арқасында Қазақстан шетел инвестициялары үшін тартымды орынға және аймақтық пен жаһандық экономикалық одақтарда негізгі ойыншыға айналуы мүмкін.
RealClear Energy порталы «Қазақстандық атом электр станциялары» АҚ бас директоры Тимур Жантикиннің көлемді мақаласын жариялады. Ол алдағы жылдары қарқынды дамитын Қазақстан экономикасын энергиямен қамту мәселесіне көңіл бөлді. Күн және жел секілді жаңғыртылатын қуат көздерінің көп артықшылығы болғанымен, осал тұстары да бар. Ауа райына тәуелді болғандықтан өндірісі тұрақсыз.
Қазақстанның орасан зор ауданын ескерсек, тек жаңғыртылатын қуат көздерімен елдің энергетикалық мәселесін шешу мүмкін емес. Осы тұста атом энергиясының маңызы артып тұр.
Экологиялық тұрғыдан атом энергетикасы ауаға көмір қышқыл газды аз мөлшерде шығарады. Бұл жаһандық климаттың өзгеруіне қарсы күрестің мақсатына сай келіп тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасыл экономикаға» көшудің маңызын ерекше атап кетті. Қазақстан 2060 жылға дейін көміртек бейтараптығына жетуге тырысқандықтан, атом энергетикасы бұған жетудің тиімді жолы болмақ.
2017 жылы Атом энергиясы бойынша халықаралық агенттік Қазақстанда аз байытылған уран банкін құрды. Бұл еліміздің ядролық материалдармен қауіпсіз әрі жауапты жұмыс істей алатынына сенімін айғақтап отыр.
Ал ұйым құрамындағы белсенді еңбегіміз елімізде салынуы мүмкін станция қауіпсіздік жағынан халықаралық стандартарға сай болатынына кепіл болмақ. Қарап отырсақ, Қазақстанның қандай да салаға қатысты шешімдері әлем назарында екен.