Хабар телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев Linde GmbH компаниясының аға вице-президентін қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Linde GmbH компаниясының аға вице-президентін қабылдады

Linde GmbH компаниясының Таяу Шығыс, Еуропа және Африка бойынша аға вице-президенті Оливер Пфаннмен әңгімелесу барысында газ және инженерлік технология салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен Linde GmbH арасындағы Ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуын құптады. Бұл келісім бойынша еліміздің мұнай-газ химиясы саласында қазіргі және келешектегі жобаларды іске асыру көзделген.

Бұған дейін қол жеткізілген келісімдерге сәйкес, Linde компаниясы өз технологиясы негізінде полиэтилен өндірісінде қолданылатын этанды ыдырату (крекинг) және ауаны бөлу (азот, техникалық ауа) қондырғыларының кеңейтілген базалық жобасын әзірлеп жатыр. 

Сонымен қатар Президентке қуаты жылына 1,3 миллион тонна болатын карбамид өндірісіне қатысты жобаға компанияның бірлесе инвестиция салуға қызығушылық танытып отырғаны айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев аталған өндірістің мұнай химиясы өнеркәсібін дамытуға ғана емес, ауыл шаруашылығы үшін де маңызы зор екенін, әсіресе өндірілетін тыңайтқыштың күріш пен дәнді дақылдарды өсіру кезінде кеңінен қолданылатынын атап өтті.

Өз кезегінде Оливер Пфанн аймақтық нарықтың келешегі зор екеніне назар аударып, Linde компаниясы Қазақстанның мұнай-газ химиясы саласында инновациялық және орнықты шешімдерді іске асыру үшін ұзақмерзімді әрі табысты ынтымақтастыққа дайын екенін мәлімдеді.

Linde GmbH – машина жасау, сондай-ақ өнеркәсіп газдарын жобалау және өндіру саласындағы жетекші әлемдік компания. Былтыр компанияның жылдық айналымы 33,36 миллиард еуроны құрады. Компанияның дүниежүзіндегі кәсіпорындарында 60 мыңнан астам адам жұмыс істейді.